(02.02.1999 ж.т., Алматы, Қазақстан) – композитор әрі пианист. Ең жас өнертану ғылымдарының магистрі (2017), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2016), ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерді дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісінің иегері (2016), халықаралық байқаулардың жеңімпазы, П.И.Чайковский атындағы Халықаралық конкурсы лауреаттары Ассоциациясының мүшесі (2018). Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ең дарынды өнерпазға» кубогымен марапатталған (2014). Қазақстанда тұңғыш рет жүргізілген «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы (2017).
Рахат-Би 20 жасында 2 опера («Күн сәулесімен нұрланған жол» және «Жұмбақ әйел») жазды. Сонымен қатар симфониялық оркестрге және камералық ансамбльдерге арналған 150-ден аса музыкалық туындылар авторы. Олардың ішінде «Kazakh rhapsody» (Қазақ рапсодиясы), «Forward into the Sunlight» (Нұрлы жол), «The Will to Live» (Өмірге құштарлық), «God’s dwelling» (Тәңір Тұрағы), «Aftersounds of Romanticism» (Романтизм жаңғырығы), «Beyond the Darkness» (Тас-түнектің аржағы), «Time Run» (Зымыран Заман), «Des pensées de loin» (Қашықтан желпіген ойлар), «Tears of Silence» (Тым-тырыстың тырсылы), «A drop of Eternity» (Мәңгілік тамшысы), «The Sacred Universe of Particles» (Қасиетті бөлшектер әлемі), «Phantom reflections» (Фантомды үндестіктер), «Ghosts of Immortality» (Өшпес рухтар), «Qubylys» (Құбылыс), «I raggi di Dante» (Данте Шапағаты) және т.б. бар.
«Қазақстанның Моцарты» атанған Рахат-Бидің музыкалық шығармалары Париж, Берлин, Лондон, Вена, Рим, Милан, Прага, Базель, Мюнстер, Байройт, Франкфурт, Рогашка-Слатина, Кьоджа, Падуя, Бергамо, Грац, Мюрццушлаг, Аркей, Аликанте, Теулада-Морайра, Сибиу, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омск, Томск, Красноярск, Киев, Ялта, Анкара, Стамбул, Каир, Амман, Александрия, Бейжін, Сеул, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Филадельфия, Балтимор, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Атыраудың т.б. әлемдік концерттік сахналарында орындалуда. Симфониялық оркестрмен соло рояль партиясын өзі орындап, жеке және авторлық концерттер де беруде. Британдық сыншылар Рахат-Биді «қолында ерекше күші мен мінезінде амбициясы бар виртуозды пианист, нағыз қазақ кереметі» деп атаған. Ол Клин қ. (Ресей) П.И.Чайковскийдің музей үйіндегі ұлы композитордың жеке роялінде ойнау құрметіне ие болған алғашқы Қазақстандық пианист. Оның шығармалары Бах, Гайдн, Моцарттан бастап қазіргі авторларға дейінгі әлемдік классика шедеврлері жинастырылған Оңтүстік Иллинойс университеті (АҚШ) «Discography» фортепиано мен оркестрге арналған орындалған шығармалардың бүкіләлемдік қорына енген. Шығармаларының партитуралары «Verlag Neue Musik» (Берлин қ., Германия) және «Композитор» (Мәскеу қ., Ресей) сынды баспа үйлерінде жарық көруде. Рахат-Бидің фортепианода жеке орындауындағы дүниежүзілік классика шығармалары Еуропада шыққан 2 CD-дискке кірген.
Рахат-Би бала кезінен сурет салуға әуестеніп, музыкаға қызықты. Суда жүзуге, конструктор құрастыруға да құштар болды. 7 жасында Францияда өткен халықаралық сурет байқауының лауреаты атанды. Оның салған суреттері мен жұмсақ ойыншықтары ЮНЕСКО-ның «Балалар әлемді бейнелейді. Қазақстан» және «Балалар әлемді бейнелейді. Орталық Азия» атты 5 альбомына енген.
Ол 6 жасында Алматыдағы №159 Ы.Алтынсарин атындағы гимназияға қабылданып (қазақ тілді), оны үздік бітіріп, қала әкімінің «Үркер» белгісімен марапатталды. Сонымен қатар №5 М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің 7-жылдық бағдарламасын 4-жылда тамамдап, 13 жаста Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті болды. Сол 2012 жылы Италияның Бергамо қаласының музыка академиясына тыңдаушы-студент болып та қабылданды. Оларды бітіріп 17 жаста Қазақ ұлттық өнер университетінің магистранты атанып, П.И.Чайковской атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында стажировкадан өтіп 18 жаста магистрлік диссертация қорғады. Сосын Италияның үш бірдей атақты жоғары оқу орындарына: Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясына Master di II Livello (Алессандро Сольбиати композиция класы), Чезаре Поллини атындағы Падуя консерваториясына Master in II Livello (Константин Богино фортепиано класы), және Рим қаласындағы Санта-Чечилия Академиясына Corso di Perfezionamento (Иван Феделе композиция класы) докторантураға қабылданып, 20 жасында оларды үздік бітірді. 12 жасында «Гармония қырлары» атты өзінің алғашқы шығармалар жинағын жариялады. 14 жасында математика мен заманауи музыканың байланысын зерттеуге арналған «Mathematics and Contemporary Music» атты ерекше ғылыми жұмыс жазып Мәскеу қ. (Ресей) өткен Ғылыми проектілер байқауында 1-ші орынды жеңіп алды. Ал қазір бірнеше ғылыми мақалалар мен кітаптардың авторы. Ана тілімен қоса орыс, ағылшын, итальян, испан тілдерін меңгерген.
Ол 2013 жылдан бастап VIII-XII Impuls (Грац қ., Австрия) халықаралық заманауи музыка академиясының тұрақты қатысушысы. 2015 ж. International Summer Academy стипендиаты (Мюрццушлаг қ., Австрия), KlangZeitMünster 2016 (Германия), Сермонета 2017 (Италия) академия мен фестивальдарының қатысушысы. Рахат-Би 13 жасынан бастап «Музыка жолдары», «Математика және музыка» лекция-концерттерін өткізіп келеді. Бергамо қ. (Италия) музыка академиясында 2012 ж. лекция-концертің ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы күніне арнаған. ICTM 2015 халықаралық конференциясының ең жас лекторы. 2020 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы ретінде ол қазақ, орыс, итальян тілдерінде 27 онлайн лекция (YouTube) өткізді.
I-III «New Music Generation» Халықаралық композиторлар конкурсы көркемдік жетекшісі және қазылар алқасының төрағасы (Нұр-Сұлтан қ. 2019-2021). Рахат-Би «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасы әнұраны музыкасының авторы (2021).