СУРЕТШІ ДЕ ӘН ШЫҒАРАДЫ

Суретші де ән шығарады

2024 жылдың қаңтарында тұңғыш қазақ суретшісі және акварелшi Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толды. Суретшінің мерейтойына орай кітапхана оқырмандарымызға «Бейнелеу өнерінің бәйтерегі» атты көрме дайындады, онда Қазақстанның бейнелеу өнері бойынша энциклопедиялар, анықтамалықтар, монографиялар, альбомдар, Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар ұсынылды.

Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы – Қазақстанның ұлттық мәдениетінің бірегей байлығы. Қазақ кескіндемесінің пайда болуы мен қалыптасуы Әбілхан Қастеевтің есімімен тығыз байланысты.

Оған дейін сәндік-қолданбалы формалар кең тараған еді, ал Қастеев бірінші болып пейзаждар, портреттер, тұрмыстық, тарихи, әлеуметтік тақырыптағы суреттер салды. Жас кезінде кескіндемені «күнә» деп айыптаған қарттарға Қастеев: «Менің өмір туралы суреттерім бүкіл халық қастерлейтін ақынның әнімен бірдей емес пе...», - деген екен.

Ол сап алтындай болды, өзінің талантын дамытып, қылқалам шебері ретінде танылды. Оның картиналары - Қазақстанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі еді. Әбілхан Қастеевтің таланты, адалдығы, ішкі ұйымшылдығы, өзіне деген талапшылдығы көркем өнердің шыңына жеткізіп, оларды өзінің керемет талантымен бағындыруға мүмкіндік берді. Әбілхан Қастеевтің ең танымал картиналары: «Мақта жинау», «Қызды еріксіз әкету», «Түрксіб», «Медеу мұз айдыны», «Амангелді әскері», сондай-ақ еліміздің көрнекті адамдарының портреттері: Амангелді Иманов, Кенесары Қасымов, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл, Абай.

Әбілхан Қастеев үнемі Ұлы Абай бейнесіне бет бұрып, оған  өзінің 30-ға жуық жұмысын арнады. Сол суреттердің бірі «Абай киіз үйде» деп аталады. Тағы бірі «Жас Абай», бұл жерде біз қолында кітабы бар Абайды көреміз. 1954 жылы жасалған «Абай» картинасы Абай феноменін ашуға көмектеседі. Терең психология, адамның мінезін оның барлық күрделілігі мен жан-жақтылығымен көрсете білуі суретшіні басқалардан ерекшелендіреді. «Абай жайлауда» картинасында суретші ақынның ішкі әлемін барынша ашуға тырысқан.

1930-40 жылдары суретші қазақтардың өмірін бейнелейтін, бірқатар картиналар жасады. Бұл Қастеевке жақын тақырыптар: ауылдарды көшіру, дәстүрлі ойындар мен әдет-ғұрыптар, күнделікті шаруалар. Сонымен қатар, суретші тіпті қазақтардың өміріндегі өзгерістердің ұсақ бөлшектерін – радионың, патефонның пайда болуын да бейнелейді.

Қастеевтің «Шарын жолы», «Щучинск кеңістігі», «Алматы маңы» сияқты шығармаларында пейзаждар, елдің табиғи көрікті жерлері ерекше орын алды. Олардың ішінде Хан Тәңірі, Көк Жайлау таулары да маңызды болды. «Биік таулы мұз айдынында», «Мұз айдынына апаратын жол» және «Биік таулардағы мұз айдыны» акварелі, бұл суреттер лирикаға толы, шындықты көрсету әдісінің ерекшелігімен таң қалдырады. Қарама-қарсы түстерден аулақ бола отырып, суретші кенептің кеңістігін, мүмкіндіктерін мұқият зерттейді. Ол өзінің шеберлігін үнемі жетілдіріп отырды.

Ә. Қастеевтің еңбектері автордың қоршаған әлемді поэтикалық қабылдауын, адамның еңбекке деген көқарасын құрметтейтінін айғақтайды. Ол Қапшағай ГЭС құрылысы туралы бірқатар туындылар жасады, «Түрксіб», «Алғашқы пойыз», «Тың» және т.б. картиналармен жұмыс істеді.

Оның картиналарында ұлттық әдет-ғұрып, дәстүрлер, наным-сенімдер, аңыздар бірегей түсте бір-бірімен жоғары деңгейде үйлесім таба отырып, оптимизммен әлемнің сан түрлі бояуларға қанық екенін және олардағы халықтың мінез-құлқының өміршең екендігін жеткізеді.

Суретші көптеген өнер көрмелерінде көруге болатын 1100-ден астам туындылар жасады. Бейнелеу өнерін дамытудағы еңбегі үшін 1977 жылы Ә. Қастеевке «ҚазКСР Халық суретшісі» құрметті атағы берілді. «Қазақстан жерінде» акварельдер сериясы үшін 1967 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған. Еліміздегі ең ірі өнер мұражайларының бірі - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайы Қастеевтің есімімен аталады. Суретшінің жүз жылдық мерейтойын ЮНЕСКО 2004 жылдың халықаралық маңызды күндерінің күнтізбесіне енгізді.

Қазақстан мен қазақ мәдениеті үшін Әбілхан Қастеевтің мұрасына ұқыпты қарап, әрқашан назар аудару – ұлттық ар-намыс пен мақтаныш.