МЕРЕЙТОЙҒА ТАРТУ!
Жаңа кітаптар – оқырман игілігіне
Құрметті студенттер мен ұстаздар, бізде тағы да қуанышты жаңалық! Кітапханамыз бірнеше халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдарымен толықты. Атап айтсақ:
«Бауыржан Нөгербек мұрасы: теория, сын және кинопедагогика» халықаралық форум аясында өткен ғылыми-практикалық конференция материалдары. Конференция кинотанушы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің 75 жылдығына арналған. Бұл жинаққа конференцияға қатысушылардың, отандық және шетелдік белгілі кинотанушылар мен киногерлердің, өнертанушылар мен театртанушылардың, докторанттар мен магистранттардың баяндамалары енген. Ғылыми жинақта Бауыржан Нөгербектің теориясы мен сыни мақалалары негізінде қазіргі кинотану және киносынының өзекті мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ Бауыржан Нөгербектің зерттеу еңбектері жан-жақты талқыланып, заманауи қазақ киносындағы үрдістерге баға беріледі.
«Әкім Тарази әлемі: әдебиет, театр, кино және педагогика» халықаралық-ғылыми-практикалық конференция материалдары. Бұл жинақ жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Әкім Үртайұлы Таразидің 90 жас мерйтойына арналған конференцияға қатысушылардың мақалалары жарияланған. Жинақта Қазақстанның қазіргі мәдениетінің өзекті мәселелері – әдебиет, аударма, драматургия, кино, бейнелеу өнері және театр мәселелері қарастырылған. Бірқатар мақалалар Ә.Таразидің шығармашылығы мен еңбек жолын талдауға арналған.
«Ішекті, үрлемелі жəне соқпалы аспаптардағы музыкалық білімнің кешегісі, бүгінгісі жəне болашағы: тарихи-теориялық жəне əдістемелік аспектілер». Редактор-құрастырушысы өнертану ғылымдарының докторы, ҚазҰӨУ-нің профессоры Жұмабекова Дана Жүнісбекқызы. Жинаққа орындаушы-оқытушылардың ғылыми еңбектері және студентердің, «Оркестрлік орындаушылық» факультеті түлекртері мен шетелдік авторлардың мақалалары кірген.
«Исполнительское искусство в реалиях изменяющегося мира» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның баяндамалар жинағы Қазақстан, Әзірбайжан және Испания авторларының музыкатану, орындаушылық өнер және музыкалық педагогика саласындағы ғылыми жұмыстарын біріктіреді. Бұл жұмыс университеттің белсенді дамуы мен оның білім берудегі және мәдени кеңістіктегі рөлін айқындайды.
Сіздерді жаңа әдебиеттермен танысуға, кітап оқуға шақырамыз!
Кітапханаға келіңіз, танысыңыз, оқыңыз!