ҚАНЫШ СӘТБАЕВ - ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ

2024 жылдың 11 сәуірінде Қазақ ұлттық өнер университетінде академик, геолог ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына орай «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасы» «Қаныш Сәтбаев -Ғалым. Тұлға. Патриот» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырса, кітапхана қызметкерлері осы мерейтойға орай «Қаныш Сәтбаев - ұлт мақтанышы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелде ҚазҰӨУ оқытушылары: әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті Құралай Хасанқызы Баймуханова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Оразғалиқызы Каудырова, академик Қ.И. Сәтбаева Баянауыл мемориалдық музейінің әдіскері Гауһар Серікқазықызы Балабаева құттықтау сөз сөйледі. Дөңгелек үстел модераторы-аға оқытушы Юксель Айнагүл Тілекжанқызы.

Өз баяндамаларын Еуразия университетінің филология ғылымдарының докторы - Иманжүсіп Раушан Нұрханқызы, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері - Ерімбетова Құндызай Мырзашқызы, философия  ғылымдарының докторы - Омарова Альмира Есболқызы баяндама жасады. Сондай-ақ университетіміздің бірнеше студенттері: Тұрсын Ләйла, Ерғали Назерке, Көбей Жанна, Қайрат Нұрсая, Маханова Гүлжамила да осы тақырыпта қызықты да танымдық баяндамалар дайындап келген екен.

Қатысушылар назарына «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» көрмесі ұсынылып, онда Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған энциклопедиялармен, анықтамалықтармен, монографиялармен, конференция материалдарымен және мерзімді басылымдардағы жаңа мақалалармен таныстырылды. Қ.И. Сәтбаевтың фотосуреттер мен дәйексөздері көрмені одан ары аша түсті. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – кеңестік академик, геолог, ғылымды ұйымдастырушы және қоғам қайраткері, кеңестік металлогения ғылымының негізін салушылардың бірі, қазақ металлогения мектебінің негізін салушы. Ғылым академиясының тұңғыш президенті, геология ғылымдары институтының директоры. Қазақ ғылымының дамуына орасан зор үлес қосқан ғалым 800-ге жуық ғылыми мақала жариялады. Сан қырлы адам ғылымға ғана емес, музыкаға, өнерге, әдебиетке де қызығатын. Қаныш Сәтбаев өз заманының ең ұлы ойшылы, қоғамның көшбасшысы болды. Кітапхана қызметкерлері Омарова Сәуле Шайзадақызы, Құдайбергенова Нұргүл Құдайбергенқызы Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеге шолу және викторина өткізді. Викторина студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырды, ең көп сұраққа жауап бергендер бағалы сыйлықтар – кітаптармен марапатталды. Дөңгелек үстелге жиналғандар өте терең ойлы әрі мұқият болғанын атап өткім келеді, іс-шара соңынан кейін де Қаныш Сәтбаев туралы тағы да мол ақпарат алғысы келген студенттер ұзақ уақыт көрмені тамашалады. Дөңгелек үстелден кейін көрмемен танысу оқырман залында жалғасты. Мұнда жақында еліміздің кинотеатрларында күтілетін Сәтбаев туралы фильмнің продюсері, ҚазҰӨУ оқытушысы Айгүл Қыдырғалиқызы Байбекпен бірге шолуға 1 курс студенттері қатысты. Шолу барысында Айгүл Қыдырғалиқызы Қаныш атамыз туралы білген тың деректерімен де бөлісе кетті.

Қазақ ғылымына және нағыз ғалым, патриот Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың шығармашылығына қызығатын студенттерді оқу залында күтеміз, мұнда да викторинаға қатысып, өз білімдеріңізді сынай аласыздар. Кітапхана ұжымы ҚазҰӨУ-ның барлық оқытушылары мен студенттерін Ғылым күнімен құттықтап, ғылыми-зерттеу жұмыстарына зор табыс тілейді!!!