Ертіс-Баян өңірі өнерлі де өнегелі азаматтарымен ерекшеленеді. Солардың бірі – белгілі композитор, ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Назымбек Сәбитұлы Дүкенбай.
Назымбек Сәбитұлы өмірінің көбін өнер-білімге арнады. Ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа музыкадан сабақ беріп қана қоймай, оны жеткіншектердің жетесіне жеткізу үшін бірқатар әдістемелік оқу-құралдарын жазды, ән жинақ-тарын жарыққа шығарды. Бүгінде оның балаларға арналған 500-ден астам әндері бар. Ол ән, әдістемелік оқу-құралдарын құрастырумен қатар, музыка саласында оратория жазған. Бұл өте күрделі жанр болып саналады. Жалпы, Назымбек Сәбитұлы жүздеген тамаша ән жазумен қатар, домбыра үйірмесін де басқарды, педагогика саласын дамытты.
Жуырда Назымбек Сәбитұлы ҚазҰӨУ кітапханасында қонақта болып, «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен жарық көрген атаулы қолтаңбасы бар бірнеше жаңа кітаптарын кітапхана қорына сыйға тартты. Атап айтсақ: «Симфониялық оркестр мен хорға арналған әндер», «Хорға арналған әндер», «Балаларға арналған әндер», «Ұлы дала жырлайды... оратория», «Домбыра үйрену мектебінің алғашқы сабақтары».
Автор бұл кітаптарында білім мен тәрбие беруді ұлттық негіздерге сүйеніп, музыка-ән арқылы жас буынды жан-жақты дамытуды, симфониялық оркестрде ойнап, хорда ән салудың кәсіби дағдыларын қалыптастыруды мақсат еткен. Оның қазақ өнеріне қосқан үлесі өлшеусіз.
Белгілі музыкант, сазгер, талантты педагог ағамызға шабыт пен шығармашылық табыстар тілейміз!