УНИВЕРСИТЕТ

ОҚУ ПРОЦЕСI

ОҚУҒА ТҮСУШІЛЕР

СТУДЕНТ

ҒЫЛЫМ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Халықаралық конкурстар

Халықаралық конкурстар

«Ғылымның мәні неде? атты эссе байқауы(бакалавриат және магистратура студенттері арасында)

«Ғылымның мәні неде атты эссе байқауы туралы ЕРЕЖЕ

(бакалавриат және магистратура студенттері арасында)

1. Жалпы ережелер

  • Осы Ереже «Ғылымның мәні неде?» тақырыбындағы эссе байқауын (бұдан әрі – Байқау) ұйымдастыру мен өткізудің мақсаттарын, міндеттерін, тәртібін, қатысушыларға қойылатын талаптарды, байқау жұмыстарының мазмұны мен ресімделу талаптарын, бағалау критерийлерін және қорытынды шығару тәртібін айқындайды.
  • Байқау Қазақстан Республикасы Ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылатын Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіндегі (бұдан әрі – ҚазҰӨУ) «Ғылым бүгін: ойлау, технологиялар, жауапкершілік» атты Ғылым күндері аясында өткізіледі.
  • Байқауды ұйымдастырушы – ҚазҰӨУ Ғылым бөлімі.
  • Байқау университетішілік сипатта өткізіледі және қатысу тегін негізде жүзеге асырылады.

2. Байқаудың мақсаты мен міндеттері

  • Байқаудың мақсаты: студенттердің ғылыми білімге саналы көзқарасын қалыптастыру, ғылымның қазіргі қоғамдағы, мәдениеттегі және тұлғаның кәсіби қалыптасуындағы рөлін түсінуін дамыту.
  • Байқаудың міндеттері:
    • аналитикалық және сыни ойлау дағдыларын дамыту;
    • студенттердің ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын ынталандыру;
    • өзіндік рефлексия жасау және ұстанымын дәлелді түрде жеткізе білу қабілетін айқындау;
    • ғылыми және эссе жазу мәдениетін қалыптастыру;
    • ғылымды құндылық әрі ойлау тәсілі ретінде пәнаралық тұрғыда түсінуді қолдау;
    • креативті әрі ерекше ойлайтын студенттерді анықтау.

3. Байқауға қатысушылар

  • Байқауға ҚазҰӨУ-дің барлық білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриаттың 1–4 курс және магистратураның 1–2 курс студенттері қатыса алады.
  • Байқауға қатысу жеке түрде жүзеге асырылады.
  • Әрбір қатысушыдан бір ғана байқау жұмысы қабылданады.

4. Байқаудың тақырыбы мен форматы

  • Эссенің негізгі тақырыбы: «Ғылымның мәні неде?».
  • Көрсетілген тақырып аясында қатысушы эссенің проблематикасын өз бетінше айқындайды. Ғылымның, креативті индустриялардың, өнердің рөліне философиялық, әлеуметтік, мәдениеттанулық, көркем-рефлексивтік немесе пәнаралық тұрғыда пайым жасауға рұқсат етіледі.
  • Байқау эссені нақты уақыт режимінде жазу форматында өткізіледі.
  • Байқаудың өткізілу күні мен орны ҚазҰӨУ Ғылым күндерінің бағдарламасына сәйкес айқындалады. 2026 жылы Байқау 3 сәуірде өткізіледі, қатысуға өтінімдер 2026 жылғы 01 сәуірге дейін қабылданады.

5. Байқау жұмысына қойылатын талаптар

  • Эссе қазақ, ағылшын немесе орыс тілдерінің бірінде жазылуы мүмкін.
  • Эссенің ұсынылатын көлемі – А4 форматындағы қағазда 2–4 бет қолжазба мәтін.
  • Эссе келесі талаптарға сай болуы тиіс:
    • автордың жеке көзқарасын көрсету;
    • пайымдаудың логикалық жүйелілігі мен тұтастығы;
    • қорытындылардың дәлелділігі;
    • тақырыпты ашудағы өзіндік әрі шығармашылық тәсіл.
  • Эссе жазу барысында қосымша материалдарды, электрондық құрылғыларды және сыртқы ақпарат көздерін пайдалануға жол берілмейді.
  • Эссе мәтіні авторлық болуы тиіс. Егер мәтінде плагиат немесе өзге де орынсыз дәйексөз алу фактілері анықталған жағдайда, жұмыс Байқаудан шеттетіледі.

6. Бағалау критерийлері

  • Байқау жұмыстары келесі критерийлер бойынша бағаланады:
    • тақырыптың ашылу тереңдігі мен мазмұндылығы – 5 балл;
    • ойлау дербестігі мен шығармашылық ерекшелігі – 5 балл;
    • баяндау логикасы мен құрылымы – 5 балл;
    • ұстанымның дәлелділігі – 5 балл;
    • жазба тіл мәдениеті мен стиль – 5 балл.
  • Әрбір критерий балдық жүйе бойынша бағаланады. Қорытынды баға барлық критерийлер бойынша жиналған балдардың қосындысы ретінде анықталады. Ең жоғары балл – 25.

7. Байқау қазылар алқасы

  • Байқау жұмыстарын бағалау үшін университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ғылыми қызметкерлері қатарынан қазылар алқасы құрылады.
  • Қазылар алқасының құрамы Байқауды ұйымдастырушы тарапынан бекітіледі.
  • Қазылар алқасының шешімі түпкілікті болып табылады және қайта қарауға жатпайды.

8. Қорытынды шығару және марапаттау

  • Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегерлер анықталады.
  • Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталады.
  • Үздік байқау жұмыстары университеттің ақпараттық ресурстарында жариялауға ұсынылуы немесе ғылыми-ағартушылық іс-шаралар аясында пайдаланылуы мүмкін.

9. Қорытынды ережелер

  • Байқауды ұйымдастырушы осы Ереженің мақсаттары мен қағидаттарын сақтай отырып, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығын өзіне қалдырады.
  • Байқауға қатысу фактісі қатысушының осы Ережеде көрсетілген шарттармен келісетінін білдіреді.

Қатысуға өтінім (01.04.2026 дейін):


ҚазҰӨУ қоғамдық қабылдауы

Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.

Copyrights © 2026 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.