К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Армысың, әз Наурызым!» мерекелік шарасы өтті. Қара шаңырақ – өнер ордасында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізге сусындап өсіп келе жатқан шәкірттер үшін Наурыз мейрамы білімдері мен біліктіліктерін шындайтын ерекше мереке.
Бүгінгі шараға әншілер, домбырашылар ансамблі, үрмелі аспап сыныбының студенттері, «Дәстүрлі музыкалық өнер», «Оркестрлік орындаушылық» факультеттерінің студенттері, «Музыкалық білім» кафедрасының студенттері, «Дирижерлеу» кафедрасының және «Музыкалық орындаушылық, педагогика» кафедраларының студенттері мен ұстаздары, студенттерден құралған хор, «Кино өнері және телевидение», «Көркем өнер», «Режиссура, арт-менеджмент және операторлық өнер» факультеттері қатысты.
Жер-дүние жаңаратын жыл басы Наурыз мерекесімен К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің шығармашылық қызмет және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Нұртаза Раушан Сабыржанқызы құттықтады.
Университетіміздің ақсақалы, жыршы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Амандық Кемекұлы жиналғандарға бата берді. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешова «Тұсаукесер» рәсімін жасады. «Наурызнама» онкүндігінің «Ұлттық спорт» күні аясында өткізілген шарада жиналғандар арқан тартысып, гир көтеріп, қол күрестірді. Арыстан Серікболұлы бастаған «Көркемөнер» факультеті ұстаздары мен студенттері мерекенің басты дәмі наурызкөже ұсынды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын ерекше қойылым-көріністері үшін «Режиссура, арт-менеджмент және операторлық өнер» факультеті университет кәсіподағы ұйымы атынан марапатталды.
«Армысың, әз Наурызым!» шарасын ұйымдастырған тәрбие бөліміне, студенттерге алғысымызды білдіреміз! Мереке құтты болсын!
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.