УНИВЕРСИТЕТ

ОҚУ ПРОЦЕСI

ОҚУҒА ТҮСУШІЛЕР

СТУДЕНТ

ҒЫЛЫМ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Новости

15.55 соңғы нұсқа. багдарлама Мурсалимова соңғы (1).pdf

 

2025 жылғы наурыз айының 14 күні, сағат 11.00-де Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде кинотанушы, өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино тарихы және теориясы» кафедрасының доценті                   Мурсалимова Гүлнар Амангелдіқызының «Қазақ көркемсуреті балалар киносының даму кезеңдері (1950-2010жж.)» монографиясының тұсаукесері өтті. 

Монографияда қазақстандық көркемсуретті киноның ауқымды деректік материалдары талданып, оның балалар киносының даму кезеңдеріне қосқан үлесі айшықталады. Кеңестік және посткеңестік кезеңдердегі балалар киносының даму бағыттары эстетикалық-көркем бейнелердің мазмұнын ой сүзгісінен өткізіп, сондай-ақ экрандағы балалар психологиясын сипаттау, кинематографияның тәрбиелік функциясын сарапқа салу арқылы ұсынылады. Балалар туралы кеңестік киноның эволюциялық даму кезеңдері 1990-шы жылдары қазақ авторлық киносындағы «Жаңа толқынның» қалыптасуы мен ондағы бала кейіпкерлердің трансформацияға ұшырауымен жалғасады. 

Автор қазақ қоғамындағы сан жылдар бойғы өзгерістерді бейнелейтін балалар киносының мәдени бірегейлікті сақтайтын ұлттық мұрамыздың маңызды бөлігі болып табылатынын көрсетеді. Зерттеу еңбегі кино мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының оқытушыларына, студенттері мен магистранттарына, докторанттарына және қазақ киносының тарихына қызығушылық танытатын көпшілік қауымға арналады.


Гүлнар Амангелдіқызы Мурсалимова – кинотанушы, киносыншы,  өнертану кандидаты. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы және теориясы» кафедрасының доценті. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптама кеңесінің мүшесі. «Қазақстан конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен (2020), «Мәдениет саласының үздігі» медалімен (2022) марапатталған. Гүлнар Амангелдіқызы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Мемлекеттік театр және кино институтының (белгілі кинотанушы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің шеберханасы) «Кинотану» мамандығын үздік дипломмен бітіріп шықты (1993-1997). 2010 жылы «Қазақ көркемсуретті балалар киносының даму кезеңдері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2011 жылдың 30 маусымындағы шешімімен (№6 хаттама) өнертану кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. 

Г.А. Мурсалимова 2016-2019 жылдар аралығында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлтық өнер академиясының  ғылыми диссертациялық кеңесінің мүшесі болды. 2016-2017, 2017-2018 жылдары «Өнертану», 2021-2022, 2022-2023 оқу жылдары Қазақ ұлттық өнер университетінде (Астана қ.) Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының (магистратура бағыты бойынша) төрағасы болды.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры атынан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған Томас Эльзессер мен Мальте Хагенердің «Кино теориясы. Көз, эмоция, дене» және С.И.Фрейлихтің «Кино теориясы: Эйзенштейннен Тарковскийге дейін» кітаптарына арнайы келісім шартпен қазақша аудармасына пікір (рецензент) жазды.

2015-2021 жылдары аралығында «Tanaris» кинокомпаниясы және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен бірлесіп өткізілген «Бастау» Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің басты ұйымдастырушыларының бірі болды.

2014-2023 жылдары аралығында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино және ТВ» факультетінің деканы қызметін атқарды.

«Сохранение, развитие и интеграция культурного наследия Венгрии и Казахстана» (2017) атты ұжымдық монографиясының тең авторы, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар – 21, ККСОН – 7, скопус – 2, РИНЦ – 1 журналдарында жарияланған ғылыми мақалалардың авторы.



ҚазҰӨУ қоғамдық қабылдауы

Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.

Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.