2025 жылдың 30 сәуір күні К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты концерттік кеш өтті. Шараны «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультеті ұйымдастырып, өнер арқылы тарихи жадымызды жаңғыртуды мақсат етті.
Кештің негізгі арқауы – Ұлы Отан соғысына қатысқан немесе сол жылдары ұлттық рухты көтеруге атсалысқан өнер майталмандарының шығармаларын насихаттау болды.
Кешті салтанатты түрде Студенттік халық аспаптар оркестрі М.Өскенбаевтың «Жеңіс» күйімен ашты. Оркестрдің дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Даурен Ғылымов..
Алғы сөз республикалық «Күй анасы» қорының жетекшісі Телеген Қуанышев пен профессор Айтжан Токтағанға берілді. Олар шараның маңызына тоқталды.
Концерт барысында Смағұл Көшекбаев, Дина Нұрпейісова, Рүстембек Омаров, Тұраш Әбуов, Ғарифолла Құрманғалиев, Рамазан Елебаев, Кенен Әзірбаев, Жалдыбай Елеукеұлы сынды тұлғалардың әндері мен күйлері орындалды.
Кеште «Домбыра», «Дәстүрлі ән» кафедраларының ұстаздары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Т.Әліпбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ә.Ахмадиев, Б.Дүйсенғазиев, мәдениет қайраткері Е.Шалдыбеков, мәдениет саласының үздіктері: Н.Тапалов, Ж.Қадырқұлов, Б.Әбенов, С.Сүлейменова, Қ.Айтбаев, сондай-ақ философия ғылымдарының докторлары (PhD) Д.Тәпенов пен А.Тоқтаған өнер көрсетті.
Кеш соңында Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің «Жеңіс салтанаты» атты шығармасы орындалып, залда үлкен рухты леп есіп тұрды.
«Ешқашан соғыс болмасын, Отанымыз берекелі, отбасымыз мерекелі болсын!» деген ізгі тілекпен кеш өз мәресіне жетті.
Концертке келген халыққа, кешке атсалысқан ұстаздар мен студенттерге зор алғысымызды білдіреміз.
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.