УНИВЕРСИТЕТ

ОҚУ ПРОЦЕСI

ОҚУҒА ТҮСУШІЛЕР

СТУДЕНТ

ҒЫЛЫМ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Новости

<
>

 

2025 жылдың 5 желтоқсан күні сағат 11:00-де кинотанушы, өнертану кандидаты, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Құлагер» ұлттық кинематографиялық сыйлығының лауреаты Назира Рахманқызы Мұқышеваның «Кино және уақыт» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Кітаптың негізгі құрылымы үш бөлімнен тұрады. «Мақалалар, зерттеулер» деп аталатын бірінші бөлімге бүгінгі қазақ киносы мен көрермен, әдебиет пен кино байланысы, әлеуметтік желі мен фильмдер, ұлттық құндылықтар, киноархив, коммерциялық фильмдер, қысқаметрлі фильмдер, сценарий, тіл мәселелері, тарихи тұлғаларға арналған фильмдер туралы басқа да көптеген тақырыптарды арқау еткен мақалалар мен зерттеулер енді.

Сондай-ақ, осы бөлімде қазақ деректі киносының алғашқы кезеңінен бастап, 2010 жылға дейінгі тарихы идеология, уақыт, қоғам тұрғысынан қарастырылған, бұрын еш жерде жарияланбаған «Қазақ деректі киносы: уақыт, қоғам, тұлға» деп аталатын көлемді зерттеу материалы ұсынылды.

Екінші бөлімге кітап авторының қазақ киносындағы әрқилы мәселелерге қатысты баспасөз беттеріне берген сұхбаттары енді.

Ал «Сұхбаттар» атты соңғы бөлімде автордың белгілі кинорежиссер, актер, педагог Болат Қалымбетовпен және белгілі жазушы, сценарист Ұларбек Нұрғалыммен жүргізген сұхбаттары ұсынылды.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының мәдениет пен өнер саласында есімдері елеулі тұлғалар алғы сөздері мен құттықтау лебіздерін білдірді. Өнер ордасының студенттері классикалық қазақ фильмдерінде шырқалған күй мен әндерді орындап, бар келген қонақтарды өз дарындарымен тәнті етті.

Нәзира Рахманқызы – еліміздегі кино өнерінің дамуына үлкен үлесін қосып келе жатқан білікті маман. «Кино және уақыт» атты жаңа кітабының тұсаукесері қазақ өнертану ғылымы үшін маңызды.


ҚазҰӨУ қоғамдық қабылдауы

Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.

Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.