Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырған Құбыш Әшімұлы Мұхитовтің 95 жылдық мерейтойына арналған «ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ» І Республикалық дәстүрлі күй конкурсы 2023 жылдың 28 қарашасында бастауын алды.
«Абай» атындағы залда Құбыш Әшімұлының ұрпақтары мен шәкірттері бірігіп, Республикалық дәрежеде домбырашылар конкурсын өткізуде. «Болашақта ұлағатты ұстазға арналған сайыстар, іс-шаралар үкіметтік деңгейде іске асырылады деген үміттеміз. Ұстазымыз бар болмысымен, адал еңбегімен қандай марапат-тағзым болса да лайықты. Уақытында домбырашының еңбегін Ахмет Жұбанов жоғары бағалап, «Құбыш Мұхитов домбыраны оқытудың методикасы мен теориясын меңгеруде көп еңбек сіңірген дарынды музыкант және бүкіл домбырашылардың ұстазы» деген биік баға берген»,- дейді Құбыш Мұхитовтың төл шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Орынбай Кәріғұлұлы Дүйсен.
Расында да, саналы ғұмырын домбыра өнеріне, шәкірт дайындауға арнап, жарты ғасырдан аса уақытта Құбыш Әшімұлы 100-ден аса домбырашыны тәрбиелеп қанаттандырды, домбыраға арналған пьесалар, хрестоматиялар жазды, домбыра мамандығының бағдарламасын жасап, күй жинақтарын редакциялады. Әдістемелік оқу құралдары, танымдық мақалалары, пікір-ойлары баспасөз беттерінде күні бүгінге дейін жарияланып келеді.
Құбыш Әшімұлы осыншама еңбек атқара жүріп қоғам жұмысынан қалыс қалған емес. Қарапайым қатардағы ұстаздан кафедра меңгерушісі, факультет деканы, сырттан оқитын бөлімнің проректоры қызметіне дейін көтерілді. Өнер өрісіндегі ерен еңбегі тарапынан әр кез бағаланып келді. «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерең еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбектегі өте жақсы жетістігі үшін» медальдарымен, Жоғары кеңес грамоталарымен марапатталды.
Бүгінгі ұйымдастырылп отырған күй сайысы -Ұлы ұстазға шәкірттерінің тарапынан жасалып отырған тағзымы, ұстазға деген үлкен сыйластықтың нышаны және ұстаздың аманатына адалдық деген ойдамыз. Домбыра өнері - өшпес өнер, өйткені ұстаздың өмірі мен өнері шәкірттерімен жалғасып отыратын мәңгілік құбылыс.