Қазақ ұлттық өнер университетінің халықаралық ынтымақтастық және шығармашылық қызмет бөлімінің жетекшісі Әлібек Қайырбек Еуропаның ең биік шыңы – Эльбрус тауын бағындырып, домбырамен «Адай» күйін орындады.
Қазақстандық музыканттың бұл шыңға көтерілуі шамамен бір аптаға созылды. Бұл оқиғаға ол жарты жыл бойы дайындалған.
ҚазҰӨУ ұжымы оны құттықтап, өнерге адалдығын атап өтті.
«Әлібек кәсіби музыкант және ҚазҰӨУ-дің мақтан тұтар түлегі ретінде, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейде насихаттауға үлкен үлес қосты»,- деп атап өтті университет ұжымы.
Әлібек Қайырбек алдымен колледжді, кейін университетті «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің «Домбыра» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол өзі дәріс алған оқу орнында 2022 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.
2013 жылдан бері АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Иордания, Египет, Украина, Иран, Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Монако, Израиль, БАӘ, Италия елдерінде концерттер мен гастрольдік сапарларға белсенді қатысып жүр.
Сондай-ақ, Әлібек Қайырбек республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты.
Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің медалімен марапатталған.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Ж. Мәлібековтің авторлық «Елтаңба» белгісі және А. Мәмбетовтің естелік медалімен марапатталған.
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2024 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.