Қазақ ұлттық өнер университетінің колледждік хоры InClassica халықаралық фестиваліне қатысты
2024 жылғы 6-22 сәуір аралығында К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледждік хоры, жетекшісі – аға оқытушы Батыржан Смаков, Дубай қаласында өткен Таяу Шығыс классикалық музыка академиясының халықаралық жобасына қатысты. Аталған жоба InClassica халықаралық фестивалі аясында ұйымдастырылды.
Фестиваль барысында колледж хоры әлемдік деңгейдегі музыканттар өнер көрсеткен әйгілі Dubai Opera сахнасында 15 концертке қатысты. Бұл — хор ұжымының кәсіби тәжірибесін халықаралық деңгейде танытуға зор мүмкіндік болды.
2024 жылғы 19 сәуірде Zabeel театрында «Jastar» хорының жеке концерті өтті. Концерт бағдарламасына Боб Чилкоттың «Кішкентай джаз месса» атты шығармасы мен қазақ хор музыкасының озық туындылары енгізілді. Атап айтқанда: Ерболат Әңгереевтің «Көзімнің мөлдірін-ай», А. Жұбановтың «Қарлығаш», Б. Байқадамовтың «Су тасушы қыз», Г. Берекешев өңдеген халық әні «Маусымжан» және тағы басқа шығармалар орындалды.
Сонымен қатар хор жетекшісі Батыржан Смаков Ресей астанасындағы Федералды хор және вокал өнері қауымдастығының Мәскеу академиялық хоры үшін шеберлік сабағын өткізіп, өзінің жоғары кәсіби деңгейі мен педагогикалық тәжірибесі үшін зор алғыс пен жоғары бағалауға ие болды.
Бұл халықаралық сапар – университетіміздің өнер ұжымдарының кәсіби шеберлігін әлемге танытып, халықаралық байланыстарды нығайтудың жарқын үлгісі болды.
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.