УНИВЕРСИТЕТ

УЧЕБНЫЙ ПРОЦЕСС

ПОСТУПЛЕНИЕ

СТУДЕНТАМ

НАУКА

ТВОРЧЕСТВО

МЕЖДУНАРОДНОЕ СОТРУДНИЧЕСТВО

Новости


 

ІІІ Ұлттық құрылтай:  дамудың ұтымды бағыт-бағдары

15 наурызда Атырау қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Президент  өз  сөзінде мемлекет үшін өмірлік маңызды мәселелерге тоқталып, ұлттың келбетін айқындайтын басты құндылықтарды атап өтті.

Осы жолғы Құрылтайдың бірінші күні талқыланатын мәселелер   секцияларға бөлініп, сұрақтар келесідей топталды: Азаматтық қоғам; Мәдениет. Өнер. Руханият; Білім және ғылым; Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму. Екі күнге жалғасатын Құрылтай жұмысы мемлекеттік дамудың ұтымды бағыт-бағдарын айқындау мәселелерін талқылап, ортаға салады.

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев  құрылтайда сөйлеген сөзінде халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін баса айтты. Сондай-ақ, елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатынына тоқталып,  ел ағаларының  ауызбіршілігі туралы айтып, ұрпаққа  өнеге  болатын,  танымы терең әңгіме айтуы қажет екеніне тоқталды. Әрбір танымал тұлға өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етуге тиіс деген ойымен бөлісті. Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүріп жатқанын және бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылып жұмыс істеп жатқаны жайлы хабарлады.

Президент  өз сөзінде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша тоқталды және бұл мәселені тікелей дәстүрлі дінімізбен байланыстырып,  сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет деген тұжырымын айтты. Президенттің ойынша, еліміздің рухани дербестігін сақтау және нығайту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу қажет. Осы тұрғыда Ислам  дінінің  қазақ  даласында  таралып, тамыр жаюына орасан үлес қосқан,  сопылық  ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең  зерделеуге  және  биік  дәрежеде дәріптеуге ерекше назар аударған жөн деген пікірімен бөлісті. Бұл,әрине, халықтың қолдауына ие болатын игілікті бастама деп санаймыз.

Президент Ұлттық құрылтайда қоғамды жайлаған бес кеселге тосқауыл қоюға шақырды, оларды атап айтсақ, есірткі саудасы  мен нашақорлық, лудомания мен тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм  мен ысырапшылдық. Сонымен қатар ұлттың жаңа келбетін айқындайтын келесі құндылықтарды  қалыптастыруға үндеді: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақтастық, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Осы басты құндылықтарды берік ұстануымыз керек. Бұл құндылықтар Президент ұсынған «Адал азамат» концепциясымен үндес ұғымдар және Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Әрқайсымыз «Адал азамат» деген атқа лайық болсақ, елімізде әділ қоғам орнайды. Президент сөзін  тұжырымдай келе: «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен  ажырамайтын  ұғымдар. Осы  үш  тағанды  озық  әрі табысты елге  айналудың  басты  кілті деуге болады, – деп  аяқтады.

Құрылтайда тілге тиек болған келесі мәселе тіл туралы болды. Президенттің  айтуынша, «тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік  саясаттың басты бағыты болып қала береді. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың  ең  тиімді  әрі  төте жолы – ағартушылық. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында». Сөзінің жалғасында Мемлекет басшысы халықаралық  «Қазақ  тілі  қоғамын»  ерекше  атап  өтті. Бұл  қоғам «Qazaq tili» эндаумент  қорын  құру  туралы ұсыныс жасап, Президенттің қолдауымен  жұмысын  жүргізуде. Осы  жақсы  бастаманы  қолында қаржысы бар  азаматтар  жалғастырып  әкеткен. Бұл  мемлекеттік тілдің болашағы үшін  өте  маңызды  қадам. Президент өз сөзінде  қазақ  тілін дамыту үшін  заманауи әдіс-тәсілдерді  тиімді пайдалану керектігіне де тоқталды. Біздің ойымызша, қазақ тілі  іс жүзінде  мемлекеттік тіл болуы үшін тек қана статус пен декларация аздық етеді. Бұл іске бүкіл ұлт болып кірісуіміз қажет. Ең  бастысы,  бір-бірімізбен  ана  тілімізде  сұхбаттасайық, іс қағаздарын мемлекеттік  тілге  толығымен  көшірейік, тіл үйренемін деген басқа ұлт өкілдеріне жағдай жасайық. 

Жастардың тәрбиесі жөнінде Президент:  «Жастарды кітап оқуға баулуымыз  керек. Сонда  жаппай  кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда  өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи  кітапхана  салу  туралы  айттым. Ондай  кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай  тамаша  ғимараттар  бой көтермек. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет»,- деді. Мен «кітап –білім бұлағы» деп, кітап оқып өскен буын өкілі ретінде қосар ойым: кітапхана салу - жастарды гаджеттерден айыру, нағыз біліммен  сусындату, өмірге  деген құлшынысы мен қызығушылығын оятумен  тең  әрекет, сондықтан  өз тарапымнан толығымен  қолдаймын.

Президенттің келесі тезисі  төл тарихымыз туралы болды. Болашаққа сеніммен қадам басу үшін тарихымызды танып, мәдени мұрамызды сақтауымыз қажет. Былтыр  Қазақстан  ЮНЕСКО-ның  Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүшелікке сайланды. Мұндай мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Алтынемел және Барсакелмес ЮНЕСКО мұралары тізіміне енгізілді. Рухани маңызы бар жұмысты жалғастыру қажет деген Мемлект басшысының сөздерін толығымен қолдаймыз.
Президент Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мәселесіне де тоқталып, атап айтқанда, Елтаңба туралы  пікірін білдірді: «Елтаңбаны қабылдау тым қиын, онда кеңестік дәуірдің белгілері мен эклектикасы бар. Жалпы келісім болса, барлық аспектілерді мазмұнды түрде қарастырып, қоғамдық  талқылау жүргізетін арнайы комиссия құруға болар еді. Олай болса - Қазақстанның жаңа мемлекеттік елтаңбасының ең үздік эскизіне ашық конкурс жарияланады».

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың  Елтаңбаға өзгерістер енгізу немесе жаңа эскиз жасау үшін арнайы комиссия құру мәселесіне қатысты ұсынысымен танысып, өз ойымды білдіргім келеді. Қазақстан халқын біріктіретін ортақ рәміз – мемлекеттік Елтаңба және ол өз уақытының талаптарына сай болуы керек. Қазіргі Елтаңба  бірнеше  символдардың  басын құраған, қабылдауға тым қиын. «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы жүргізген қоғамдық сауалнамаға  қатысқан қазақстандықтардың 70 пайызы  мемлекеттік Елтаңбасын  ажырата алмаған.

Мемлекеттік Елтаңбаны өзгерту мәселесіне қатысты айтарым – бұл уақытылы қойылған мәселе. Әртүрлі елдердің мемлекеттік рәміздерінің қалай өзгергені туралы көптеген мысалдарды  тарих  біледі. Жаңа уақыт жаңа сынақтар әкеледі, біз мұны ескеруіміз керек және мұнымен санасуымыз керек. Өз тарапымыздан қосарымыз, кез келген жаңа оң бастамаларға қосыламыз және қолдау көрсетеміз.
Ұлттық бірегейлігімізді нығайту мәселесі де кеңінен қозғалып, талқыланды.  Осы  тұрғыда  Президент Ұлыстың  ұлы  күнін бүкіл ел болып жаңаша  атап өтуіне байланысты арнайы тұжырымдама қабылданғаны туралы  қуантарлық  хабарламамен  бөлісті.  Наурыз  мейрамының мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсу керектігін айтты. Біз, мәдениет саласының қызметкерлері ретінде осыған байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі он күндік «Наурызнама» бағдарламасын жасап, іс жүзінде қолданысқа енгізгенін айтқымыз келеді. Қазақ ұлттық өнер университетінде  Амал мейрамы- Көрісу күнін  қарсы алып, тамаша іс-шара ұйымдастырылды. Педагогтер ұжымы мен студенттеріміз  жұма сайын және  мейрам  күндері ұлттық киімдерін киіп жүреді. Ұлттық нақышта киіну үрдісін оқу орнында енгізіп жатырмыз.
Құрылтайда отбасы құндылықтары жөнінде де тағылымды әңгіме қозғалып, отбасы институтының  ұстанымдары туралы ойлар ортаға салынды. Өркениетті  қоғамда  кез  келген  азаматтың  абыройы, құқығы және бас бостандығы баға жетпес құндылық болып саналады. Осы тұрғыда айтар ойым, анайылық, адам атына сай келмейтін қылықтардан аулақ болуымыз  керек. Ата-баба дәстүрін сақтаймыз десек, ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан   Ислам дінімізді ардақтайық. Бұл біле білген адамға - экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұрудың бірегей жолы.

Мемлекет басшысы айтылған пікірлерді қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды. Барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға  толық мүмкіндігіміз бар деді.

Президент  баяндамасының соңында маңызды идеологиялық тұжырымдар  мен   негізгі  бағыттар  туралы  тарқатып  айтып берді. Құзырлы мемлекеттік органдардың өз жұмысын осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет. Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс, жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды кіріктіруі керек. Сондай-ақ,  негізгі  құндылықтарымызды  бұқаралық  ақпарат  құралдары мен креативті индустрия, әсіресе, кино, музыка және әдебиет арқылы дәріптеу  аса маңызды деді. Салалық ведомстволар тың жобалар ұсынуға тиіс.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігіне бұл жұмысты бақылауға алуды және идеология саласындағы міндеттерді орындау үшін кешенді жоспар жасауды тапсырды.

       Мәдениет  саласы  қызметкері   және  шығармашылық оқу орнының жетекшісі міндетін атқарушы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның  Ұлттық құрылтайда жасаған ұсыныстарымен толық келісеміз және жұмыс барысында қолданысқа енгіземіз. Негізгі құндылықтарды біз, мәдениет саласының қызметкерлері,  креативті индустрия арқылы іс жүзіне асырамыз деген ойдамыз. Сондай-ақ,  студенттермен  жүргізілетін  жұмысқа құрылтайда тізбектеліп айтылған  және қолданысқа ұсынылған құндылықтарды кіріктіріп, тәжірибемізге енгіземіз. Ортақ Отанымыз - Қазақстанның көркеюіне барлық күш-қуатымызды салып, адал еңбек етуге дайынбыз.

Қазақ ұлттық өнер университеті ректорының м.а.,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Қ.Желтыргузов

https://www.instagram.com/reel/C4h3Z7LtKhz


Общественная приемная КазНУИ

Здесь Вы найдете ответы на часто задаваемые вопросы, а также сможете задать Ваш вопрос

Copyrights © 2024 Казахский национальный университет искусств. All rights reserved.