2025 жылдың 13 маусым күні К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ректоры Галым Ахмедьяров атақты композиторлармен кездесті. «Музыкалық шыңдар» атты кездесуде шетелдік композиторлар мен студенттер, оқытушылар және қонақтар бас қосты:
Рашид Фагимович Калимуллин – Ресей Федерациясының және Татарстан Республикасының халық әртісі, Ресей Композиторлар одағы басқармасының төрағасы.
Лейла Загировна Исмагилова – Башқұртстан Республикасының халық әртісі, Башқұртстан Республикасы Композиторлар одағының төрағасы, профессор.
Özge Gülbey – профессор, доктор, Эге университетінің Түрік музыкасы мемлекеттік консерваториясының меңгерушісі, композитор және зерттеуші. Кездесуге қатысушылар өздерінің кәсіби жолы жайлы әңгімелеп, заманауи музыка өнері туралы көзқараспен бөлісті.
Кездесу аясында шығармашылық тұлғалар музыканың рухани құндылықтарды қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Қонақтар ұлттық дәстүр мен заманауи бағыттардың үндестігін сөз етіп, түрлі елдердің композиторлық мектептері туралы ой бөлісті. Композиторлар студенттермен ашық диалог құрып, шығармашылық ізденістері мен музыкалық стильдерінің қалыптасуы жайлы баяндады.
Іс-шара барысында қонақтар мен университеттің шығармашылық ұжымдары арасында ынтымақтастық орнату мәселелері қарастырылып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
«Музыкалық шыңдар» атты бұл кездесудің басты мақсаты – музыка арқылы мәдениеттерді жақындастыру, кәсіби тәжірибе мен идея алмасу алаңын құру болды. Университет ректоры Галым Ахмедьяров мұндай кездесулердің жастарға шабыт беріп, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.