2023 жылғы қазан айының алғашқы онкүндігі ҚазҰӨУ-нің ғылыми өміріне айтулы жаңалықтар әкелді. Осы аптада елең еткізетін тағы бір оқиға - Қазақ ұлттық өнер университетінің оркестрлік орындаушылық факультетінде «Ішекті, үрлемелі және соқпалы аспаптардағы музыкалық білім берудің өткені, бүгіні мен келешегі: тарихи-теориялық және әдістемелік аспектілері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдарынан құрастырылған жинақтың тұсаукесері өтті. Бұл конференция мен жинақ презентациясы ҚазҰӨУ-нің 25 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралардың қатарынан деп санаймыз.
Құрастырушы редактор - өнертану ғылымдарының докторы, скрипка кафедрасының профессоры Дана Жүнісбекқызы Жұмабекова. Ол музыка әлемінде танымал зерттеуші маман, бірнеше монографиялар мен көптеген басылымдардың авторы, халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық және ғылыми-әдістемелік конференциялардың қатысушысы, халықаралық педагогикалық шеберлік байқауының жеңімпазы.
Жинақты баспаға ұсынған Қазақ ұлттық өнер университетінің оқу-әдістемелік кеңесі, кітаптың рецензенттері Е.Б.Долинская - өнертану ғылымдарының докторы, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры (Мәскеу қ.) және П.Ш.Шегебаев - өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚазҰӨУ-нің профессоры (Астана қ.)
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары жинағына ғылыми мақалалары енген авторлар: тәжірибелі оқытушылар және орындаушылар Н.М. Сапарова, Д.Ж. Жұмабекова, М.Б.Қапеу-Қоханова, М.Г. Мұқажанова, А.Е.Жексембай, оркестрлік орындаушылық факультетінің студенттері мен түлектері, сондай-ақ бірқатар танымал шетелдік ғалымдар: А.Г. Россинский - философия ғылымдарының кандидаты, Алтай мемлекеттік университетінің профессоры, К.В. Родин - П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры, Е.А. Россинская - филология ғылымдарының кандидаты, МПГУ, РУДН доценті.
Жинақ факультет деканы, АВАК кафедрасының доценті К.А. Жандәулетовтің кіріспе сөзімен басталады. Баяндамашы «Факультеттің концерттік және ғылыми жұмысы туралы» сөзінде «Оркестрлік орындаушылық» факультетінің жұмысына кеңінен тоқталды.
Жинақтың тақырыптық мазмұны кең ауқымды мәселелерді қамтиды: «Скрипка кафедрасының тарихы» - авторлар Д.Ж. Жұмабекова, өнертану ғылымдарының докторы, профессор және М.Б. Капеу-Қоханова, скрипка кафедрасының меңгерушісі, докторант; «Қайролла Жұмакенов – ҚазҰМА (Қазақ ұлттық музыка академиясы) үрлемелі және соқпалы аспаптар кафедрасының негізін қалаушы - автор Н.М.Сапарова, үрлемелі және соқпалы аспаптар кафедрасының меңгерушісі, доцент; «Қазақстандағы арфа өнері» - автор М.Қ. Мұқажанова, АВАК кафедрасының аға оқытушысы, т.б.
Ұсынылған жинақ белгілі мамандар үшін де, еңбек жолын бастаған жас ұстаздар үшін де, оркестрлік орындаушылық, музыкалық педагогика және психология мәселелеріне қызығушылық танытатын барлық оқырмандар үшін де пайдалы болады деген ойдамыз.
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.