УНИВЕРСИТЕТ

ОҚУ ПРОЦЕСI

ОҚУҒА ТҮСУШІЛЕР

СТУДЕНТ

ҒЫЛЫМ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Новости

 

ӨНЕРЛІ   ОТБАСЫНЫҢ   ӨРЕНДЕРІ

Жуырда FORBES  Kazakhstan журналының бір мақаласы  ерекше атауымен көзге шалынды – «Фортепиано ханшайымы: Қазақстандық музыкант шетелде қалай танылды», авторы журналист Марите Любинайте. Иә, бұл ҚазҰӨУ-нің танымал түлектерінің бірі, профессорлар Алтай Құсайынов пен Вячеслав Узбековтан тәлім алған Дина Дүйсен ғой! Әйгілі музыканттар отбасында туып өскен  қыз талай халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, басты жүлделерді олжалап жүрген майталман пианист. Аттары көпшілікке мәлім әйгілі музыканттар скрипкашы  Никола Бенедетти, пианистер  Мартин Джеймс Бартлетт,  Крис Ричардс, виолончелист  Роберт Коэн,  ағайынды  скрипкашылар   Ордабек  және  Ілияс Дүйсендермен  шетелдің атаулы  сахналарында өнер көрсетуде.

Әкесі Орынбай Кәріғұлұлы Дүйсен ҚазҰӨУ профессоры,  күйлерімен дала мен қаланы  тербеткендәулескер күйші, анасы Сәуле Қазкенқызы Сағымбаева  университеттің  доценті, білікті педагог- пианист. Ағасы  Ордабек Дүйсен  «Форт -Уэрт» (АҚШ) симфониялық оркестрінің концертмейстері, Грацтағы (Австрия) AIMS фестивалінің бас концертмейстері. Інісі Ілияс скрипкашы әрі дирижер. Ағайынды  Дүйсендер  скрипка  өнерінің  хас шеберлері,  профессорлар Раиса және Айман Мұсақожаевалардың сыныбында Астанада білім алған. Осы күні Ордабек, Дина және  Ілияс Дүйсендер музыкалық әулетті абыроймен жалғастырып келе жатқан танымал музыканттар.

Дина Лондондағы Корольдік музыка академиясының магистрі. Оның орындауындағы шығармалардың дискілері Amazon-да сатылады. Бір журналист өзінің мақаласында  Динаның өнеріне тамсанып,  «Қазақтың пианино патшайымы» деп жазыпты, содан  бері бұл атақ  пианист қыздың лақап атына айналып та үлгерді. Расында, Дина  Дүйсен патшайым  атауына әбден лайық, өйткені ол  Ұлыбритания, Шотландия, АҚШ, Италия, Румыния, Қытай т.б. елдердің  беделді сахналарында өнер көрсетіп, тыңдарманын талантымен баурап жүрген  дарынды  пианист.

Дүйсен әулетінің ұясынан ұшқан ағайынды муыканттар және Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері Ордабек, Дина, Ілияс шәкірттерімізге айтатын тілегіміз: «Қанаттарың талмасын, өнерлі отбасының өрендері! Қайда жүріп-тұрсаңдар да, «қазақ» атын  асқақтатып, биіктерден көріне беріңдер!»


ҚазҰӨУ қоғамдық қабылдауы

Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.

Copyrights © 2026 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.