2026 жылдың мамыр айында Өзбекстан мемлекеттік консерваториясы түркі әлемінің музыкалық дәстүрлеріне арналған ICTMD халықаралық симпозиумының алаңына айналды.
К. Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ-дің «Музыкатану және композиция» және «Скрипка» кафедраларының оқытушылары дәстүрлі кәсіби қазақ музыкасының ритуалдық, емдік және заманауи қырларына арналған баяндамаларын ағылшын тілінде ұсынды.
Тақырыптар қатарында дәстүрлі әннің цифрлық ортадағы өмірі, мәдениеттің трансұлттануы, сал-сері мұрасы, түркі халықтары арасындағы музыкалық байланыстар, қазіргі операдағы жырау бейнесі, моно-опера жанрындағы Абай әндері, Қазақстан музыкасының XX-XXI ғасырлардағы үрдістері және «ұстаз- шәкірт» сабақтастығы қарастырылды.
Сондай-ақ қазіргі скрипка музыкасындағы түркілік сарындар, қазақ дәстүрлі әнінің алтын ғасырына арналған монография және жас зерттеушілердің дәстүрлі музыкалық білім сабақтастығы жөніндегі еңбектері таныстырылды.
ҚазҰӨУ-дің ICTMD симпозиумына қатысуы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, қазақстандық музыкатанудың әлемдік ғылыми кеңістікпен байланысын кеңейтті.