УНИВЕРСИТЕТ

ОҚУ ПРОЦЕСI

ОҚУҒА ТҮСУШІЛЕР

СТУДЕНТ

ҒЫЛЫМ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Новости

<
>

     

    Көрнекті жазушы, киносценарист, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, аса қадірлі Әкім Үртайұлын мерейлі 90 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!


     Құрметті Әкім Үртайұлы! Сіз қазақ халқының рухани кемелденуі үшін алтын уақытыныңызды арнадыңыз, қазақ өнерінің дамуына аянбай қызмет етіп, алтын қаламыңызбен қазақ әдебиетіне, қазақ киносы мен театрына сүбелі үлес қостыңыз.


    Сіздің ықпал етуіңізбен Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы мен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде "Кинотеледраматургия", "Өнертану", "Театртану", "Кинотану" бағыттары бойынша мамандықтар ашылып, көптеген кәсіби мамандар дайындалды. Сол шәкірттеріңіз қазір бір-бір рухани орданың шаңырағын түсірмей, шырағын өшірмей, “Ұлтқа қызмет ету" деген сіздің ұстанымыңызбен қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет етуде. 


     Шындығында Сіздің - Әкім Тарази шығармашылығымен қаншама буын тәрбиеленіп өсті, өзінің өмірлік ұстанымын қалыптастырды, арман-мақсаты мен  бағытын айқындады.  Таразиді төл шәкірттері ғана емес, шығармашылығынан шөлін басқан әрбір көзіқарақты оқырман рухани ұстаз санайды. 


    Қалың оқырманды «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар» әңгіме-эссе, повестер жинағыңызбен сусындатсаңыз, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағына енген  шығармаларыңыз әрбір театр көрерменін тәнті етті, ой салды. 

    12 томға жүк болған ұланғайыр еңбек, тыңнан түрен салған сапалы шығармаларыңыз халқын қалтқысыз сүйген күрескер қаламнан шыққаны әнбеге аян. 


    Сіз жазған сценарийлер бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман - атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері қазақ киносының «алтын қорына» енді.

    «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» секілді тағы да басқа драматургиялық шығармаларыңыз еліміздің театр сахналарында қойылды. Көптеген туындыларыңыздың орыс, қытай, поляк, болгар және ағылшын тілдеріне аударылып, әлем оқырмандарына жеткені қазақ халқының әдебиетінің биік өресін көрсетті деп сенеміз әрі мақтанамыз.


    Әсіресе Сіздің Қазақ ұлттық өнер университетінде қызмет етіп, жас шәкірттерге дәріс оқуыңыз осынау оқу ордамыздың дәрежесін көтеріп, мықты мамандардың шығуына үлкен әсер етті. Біз бұған мақтанамыз!  

    Аса қадірлі Әкім Үртайұлы, сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға құт-береке, амандық тілейміз! Жан жарыңыз жазушы, драматург, профессор Роза Қажығалымқызымен бірге бала-шағаңыздың қызығына кенеліп, қазақ халқымен, қалың оқырманыңызбен бірге жасай беріңіздер!

    Мерейлі 90 жасыңыз - ұлт әдебиетті мен өнерінің тойы, құтты болсын!


    ҚазҰӨУ қоғамдық қабылдауы

    Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.

    Copyrights © 2024 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.