Берлинале - 2025-кино зерттеушілеріне арналған білім беру тәжірибесі
Биыл «Өнертану» бағыты бойынша шетелдік тағылымдамадан өтіп жүрген докторанттарымыз осы бірегей кино мерекесінің қақ ортасында болды. Олар үшін Берлинале – заманауи әлемдік кино үдерістерін зерттеуге, жаңа көркемдік формаларды талдауға және киноның қоғамдағы рөлін түсінуге мүмкіндік беретін ерекше зертханалық кеңістік.
Фестиваль неміс киносының жаңашылы Том Тыквердің «Das Licht» атты картинасының көрсетілімімен ашылды. Жаңбырдан, жарық шағылыстарынан, көлеңкелер мен кеңістіктерден құралғандай әсер қалдыратын бұл фильм Берлиннің қала ландшафттарын, уақыт пен мәдениеттерді, кино тілі мен шынайылықты тоғыстырады. Картина бізге бір-бірімізді қалай көретініміз, жоғалтуларды қалай өткеретініміз, қалай сөйлесіп, бір-бірімізді тыңдай алатынымыз туралы ой салады.
Біздің зерттеушілер Берлинале-2025 туралы алғашқы әсерлерімен бөліседі:
Сабина Мейрамова: «Берлинале-2025-ке қатысу мүмкіндігі бұйырғанына шексіз қуаныштымын! Фестивальдің атмосферасы таңғаларлық – қызыл кілемді өз көзіммен көру ерекше әсер қалдырды. Прожекторлар жарығы, стильді қонақтар, камералар – осының бәрі оқиғаның маңыздылығын айрықша сездіртеді. Фестиваль бағдарламасы таңдай қақтырады: күн сайын жаңа туындылар, жаңа көркемдік ізденістер, жаңа ойлар. Бұл жылы Берлиналеде түрлі жанрдағы, түрлі тақырыптарды қозғайтын күшті фильмдер көрсетілуде. Мұнда әлеуметтік мәселелерді арқау еткен драмалардан бастап, қиял-ғажайып фильмдер мен эксперименталды туындыларға дейін бар. Бұл – кино сүйер қауым үшін нағыз мереке!
Ең есте қалған екі фильм – Том Тыквердің «Жарық» картинасы мен Пон Чжун Хоның «Микки 17» туындысы. «Жарық» – отбасының дағдарысқа тап болуын және мигрант әйелмен арадағы қарым-қатынастың жаңа көкжиектер ашуын баяндайтын әсерлі, терең фильм. Бұл тек қиындықтар туралы емес, үміт пен ең қараңғы сәттерде де жарықты табу жайлы кино.
Ал «Микки 17» – нағыз есеңгіретер фильм. Ғылыми-фантастикалық триллер өмірдің мәні, жеке бас даралығы мен болмыс туралы ой салады. Пон Чжун Хо көрерменді тағы да иллюзиялар мен шындықтың астасқан әлеміне енгізіп, технология ғана емес, адамзат қарым-қатынасы туралы толғандырады. Бұл – санадан өшпейтін, ұзақ уақыт ойландыратын кино».
Айдос Сейітжан: «Берлинале – мен қатысқан ең керемет кинофестивальдердің бірі. Қар астында өтіп жатқан мұндай ауқымды фестивальді бұрын-соңды көрмеген едім – кинематографиялық мереке мен қысқы ертегінің үйлесімі ерекше әсер қалдырды. Фестиваль бағдарламасы өзінің кең ауқымымен таңғалдырды: әлемнің түкпір-түкпірінен келген фильмдер түрлі секцияларға бөлініп, қазіргі кино үдерісіне терең бойлауға мүмкіндік береді. Күн сайын 3-5 фильм көремін, олардың барлығы түпнұсқа тілінде ағылшын субтитрлерімен көрсетіледі, бұл олардың шынайылығын сақтайды.
Фестивальдің әлеуметтік және саяси тақырыптарға айрықша мән беретіні анық көрінеді. Берлинале – тек авторлық кино көрсетілетін алаң ғана емес, әлем, қоғам және өзгерістер туралы маңызды диалогтар кеңістігі».
Инна Тлековна Смаилова – Өнертану кандидаты, ғылыми жетекші және К.Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ-нің «Өнертану» кафедрасының профессоры: «Өз атымнан айтарым – бұл біздің жастарымыз үшін бірегей мүмкіндік. Олар тек әлемдік кино үдерісін сырттай бақылап қана қоймай, оны терең зерттеп, жаһандық тенденцияларды ұлттық кинематография дамуымен салыстыра алады. Берлинале тағы да кино тілі жай ғана визуалды өнер емес, адамның әлемді және уақытты тереңірек сезінуіне көмектесетін ерекше құрал екенін дәлелдеді».
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.