К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Ахмедьяров Ғалым Алгиевич Корея Республикасының Seoul Cyber University (SCU) университетінің делегациясымен кездесті. Кездесу екіжақты академиялық және шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.
Seoul Cyber University делегациясын халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Хо Мёён (Huh Myo-Yeon) және оқу ісі жөніндегі проректор Чон Санвон (Jong Sangwon) бастап келді. Делегация құрамында университеттің профессор-оқытушылар құрамы болды.
Келіссөздер барысында студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын серіктестіктің негізгі бағыттары талқыланды. Олардың қатарында қосдипломды білім беру, біліктілікті арттыру бағдарламалары және бейресми білім беру форматтары бар.
Ректор Ахмедьяров Ғ.А. ҚазҰӨУ-нің өнер саласындағы бірегей жоғары оқу орны екенін, білім беру бағдарламалары мектептен бастап докторантураға дейінгі барлық бес деңгейде жүзеге асырылатынын атап өтіп, университеттің Қазақстанның мәдениет саласы үшін кәсіби кадрлар даярлаудағы маңызды рөлін ерекше айтты.
Сапар аясында қонақтарға университет галереясы, оқу аудиториялары және білім беру үдерісінде қолданылатын жоғары технологиялық кеңістіктер таныстырылды. Қонақтарға ерекше әсер қалдырған нысан - заманауи сахналық және техникалық жабдықтармен жарақталған, көпфункционалды ҚазҰӨУ-нің Үлкен залы болды.
Кездесу халықаралық байқаулардың лауреаттары қатысқан камералық концертпен қорытындыланды. Концерт бағдарламасында қазақ композиторларының шығармалары мен дәстүрлі аспаптық музыка орындалды.