«Туған жер - тұғырың!» көрмесі
2023 жылғы 12 қазан күні Қазақ ұлттық өнер университетінің «Көркемөнер» факультеті оқытушылары мен студенттерінің Республика күніне арналған «Туған жер - тұғырың!» көрмесі ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи мұражайында өтті.
Атаулы көрмеде кескіндеме, мүсін, графика, сән - қолданбалы өнер және дизайн туындылары ұсынылған. Вернисажда Қазақ ұлттық өнер университеті мен колледж ұстаздарының және студенттердің суреттері қойылған.
Көрменің «Туған жер - тұғырың!» поэтикалық атауы іс-шараның негізгі тұжырымдамасын - Республика күніне орайластырылғанын айқындайды. Шығармашылық жұмыстардың бір тақырыпқа арналғандығы авторлардың Отанына, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімдерін білдіреді.
Көрмені тамашалау барысында оның негізгі бөлігі пейзаж жанрында ұсынылғанына назар аударуға болады. Көрмеге қойылған пейзаждық суреттер Қазақстанның көркем жерлерінде өткен пленэр кезінде өмірден алған табиғат көріністерін бейнелеген. Сонымен қатар, көрменің бір бөлігі ұлттық тақырыптағы картиналар мен тарихи сюжеттерден құрылады.
Көрермендер «Киелі қоныс» (авторы Раушанбек Шұғыла Нұрәділқызы, жетекшісі ұстаз Төлеш Б.Ш.) туындысының алдында шоғырланып, автордың жұмысына талдау жасап, оң бағасын берді. Оқытушы Төлеш Б.Ш. жетекшілік жасаған тағы бір назар аударар жұмыс - «Аспан мен жердің дихотомиясы» студент Нұркенова Толқын Сырымқызының қолынан шыққан тамаша туынды болды.
Көрмедегі қойылған суреттер, қолөнер туындылары көздің жауын алатын көркем дүниелер: «Өрнек өрімі» бізкесте техникасымен жасалған, авторы 1 курс студенті Нұрым Зейнура, жетекшісі ұстаз Маханбетжанова Г.М. Ылғи ізденіс үстінде жүретін майталман шебердің тағы бір дарынды шәкірті Ахметжан Гүлнәз «Туған жер төрінде» суретімен көрермен ықласына ие болды. Аралас техникамен жасалған Гүлнәздің суреті расында да көңілге жылулық орнататын әдемі туынды екен.
Қазақтың біртуар тұлғасы, композитор Нұрғиса Тілендиевке арналған Жораев Бақыт Махмудұлының майлы суреті «Құстар қайтып барады» астарлы атымен-ақ мазмұнын айқындап тұр. Бұл туындыны тамашалаған әр қазақ «Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып» деген әннің жолдарын есіне түсірері айдан анық.
Қосай Сабина Сұлтанбекқызының «Таудағы саяхатшылар» картинасы ұстаз Избекенов А.А. жетекшілігімен жасалған. Бұл суретке қарағанда Ілияс Жансүгіровтің табиғат лирикасына арналған «Жетісу суреттері» өлеңін еске аласың. Жетісу таулары, нулы ормандары көз алдыңда тұрғандай әсер аласыз.
Сән - қолданбалы өнер туындылары да адамды еріксіз баурап алады. Соның дәлелі ретінде 3 курс студенті Абдутали Айдананың «Қалыңдық» гобеленін атап өтуге болады. Шығарманы тамашалап тұрған әдебиетші ұстаз Айнұр Серікбайқызы Искакова Мағжан Жұмабаевтың «Шолпы» өлеңінің кейіпкерімен салыстырып, «Сылдыр, сылдыр, сылдыр...Жүректі жандырды құрғыр. Кеудені кернеді жалын. Сәулем, періштем, тез кір!» деп декламация да орындап берді.
ҚазҰӨУ «Көркемөнер» факультетінің ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайындағы көрмесі әсерлі өтуімен қатар студенттердің потенциалын ашып, көрермендерге жаңа бүр ашып келе жатқан жас толқынның шеберлігін паш етті.
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2024 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.