2024 жылғы қазанның 30-31 күндері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақ ұлттық өнер университетінде белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,Қазақстан Республикасының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері, профессор Роза Қажығалымқызы Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған «Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Іс-шараға шетелдік ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Асуан университеті «Шет тілдер» факультетіндегі «Орыс тілі» кафедрасының меңгерушісі Мұхаммед Рияд (Египет) өзінің шеберлік дәрісінде аударма ісінің қыр-сыры, қиындықтары туралы сөз қозғады. Мұхаммед мырза Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи эпопеясын араб тіліне аударған. Жазушы, драматург, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Жавлон Жовлиевтің (Өзбекстан) шеберлік дәрісінде Орта Азияда театр қалай қалыптасып, қандай қарқынмен дамығаны жайында сөз болды. Театрдың алғашқы белгілері мен әр кезеңдегі көрінісі анықталды. Аудармашы, PhD докторы, Қажы Байрам Уали университетінің профессоры Жемиле Қынажы (Түркия) дәріс кезінде өзінің аудармашылық қызметінде қазақ жазба әдебиетін түрік тіліне аудару барысында тап болған өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Хаджеттепе университетінің «Әдебиет» факультетіндегі «Қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеті» кафедрасының ғылыми қызметкері, өнер магистрі Сабина Саид (Түркия) дәріс барысында Роза Мұқанова шығармашылығындағы махаббат тақырыбына ерекше тоқталды, махаббаттың эмоционалдық маңызы туралы ой қозғады. Өнер магистрі, Фрайбург университетінің докторанты, әдебиеттанушы Верена Цабель (Германия) өз кезегінде «Жамандықтың белгісі болғым келмейді». «Мәңгілік бала бейне» әңгімесі мен драмадағы ядролық полигоны және стигматизация мәселелері» туралы сөз қозғады.
Конференцияға отандық қоғам қайраткерлері мен жазушылары, Алматы қаласынан өнертану кандидаты, театртанушы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқанның шеберлік дәрісінде театрдағы көрермен мәдениеті және синтездік өнер жайында айтылды. Қазіргі драматургиядағы тақырып мәселесі туралы өзекті сұрақтар қойылып, өнертану, театртану бөлімінің студенттерімен пікірталас ұйымдастырылды. Өнертану кандидаты, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі Анар Еркебай постдрамалық театрға әсерін тигізген символизм, сюрреализм, экспрессионизм, дадаизм және тағы басқа бағыттар жайлы тереңірек мағлұмат берді. Әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Ермек Ханкей шеберлік дәріс барысында әдебиет ғылымының хас шебері мәдениетіміздің әр тұсын жіті талқыға салып, бұрынғы мен қазіргі ғасыр жазушыларының стильдік, көркемдік және идеялық қырларын ашты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Гүлсина Мирғалиева өзінің шеберлік дәрісінде театрдың қыр-сырына қанық өнер жанашыры өз саласында күнделікті кездесетін мәселермен қалай күресетінін, әрі театр өмірін қалай жандандыруға болатындығы жайлы құнды кеңестерімен бөлісті.
Конференция аясында шақырылған қонақтардың шеберлік сабақтары, режиссер С. Нарымбетовтың Р. Мұқанованың әңгімесі негізінде түсірілген «Қызжылаған» фильмінің көрсетілімі мен талқылауына қатысты, Р. Мұқанованың шығармашылығы негізінде түрік тілінде жазылған Сабина Саидтың (Түркия) кітабының тұсаукесері, ұжымдық монография мен фотокөрменің тұсаукесері және Роза Мұқанованың оқулары өтті. Сонымен қатар конференция қатысушыларының назарына ҚР Ұлттық архивінің ұйымдастыруымен «Розаның әдебиет әлемі» атты жеке қорынан жасалған құжаттар көрмесі ұсынылды.
Конференцияға Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі әдебиеттанушылар, кинотеледраматургтер, кинотанушылар, театртанушылар, өнертанушылар, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар мен университет студенттері қатысты
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2024 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.