2025 жылдың 11 сәуір күні Қазақ ұлттық өнер университетінің Орган залында «Оркестрлік орындаушылық » факультетінің есеп беру концерті өтті. Бұл кеш Қазақ КСР-інің Халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік (Сталиндік) сыйлығының лауреаты, М. Төлебаев және Л. Хамидимен бірге Қазақ КСР-інің Әнұранының авторы, Қазақстан композиторлық мектебінің негізін қалаушы Евгений Григорьевич Брусиловскийдің туғанына 120 жыл толуына арналды.
Концерт басталмас бұрын ҚазҰӨУ кітапханасындағы (К. Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ кітапханасының меңгерушісі – Галия Исаканова) композитор Е. Г. Брусиловскийдің кітаптары мен ноталық басылымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылды.
Концерттің алғы сөзін өнертану докторы, ҚазҰӨУ-нің скрипка кафедрасының профессоры Дана Жұмабекова айтып, Мәскеу консерваториясында тағылымдамадан өтіп жүрген кезіндегі Евгений Брусиловскиймен кездескен әсерлі сәттерімен бөлісті.
Әр музыкалық шығарма орындалмас бұрын кештің жүргізушілері – үрмелі және соқпалы аспаптар кафедрасының оқытушылары Жанара Желтыргузова мен Сергей Жоров композитордың сан қырлы шығармашылығы жайында мазмұнды деректермен бөлісіп отырды.
Концертке Қазақ ұлттық өнер университетінің симфониялық оркестрі қатысты (дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров). Оркестр Е. Брусиловскийдің танымал шығармаларын – «Балбырауын» симфониялық оркестрге арналған және «Боз айгыр» сюитасының финалын (скрипка мен симфониялық оркестрге арналған нұсқада) орындады. Солистер ретінде «Скрипка» кафедрасының студенттері Аккамар Пана мен Камила Айтқұлова (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор М. Х. Бекмағамбетованың сыныбы) өнер көрсетті.
Евгений Брусиловский камералық аспаптық музыкаға да көңіл бөлген. Оның «Поэма о жизни» және «Пейзаж» атты ішекті квартеттің студенттері – Камила Жунусова, Жания Болатова, Мәди Лесхан және халықаралық байқаулардың лауреаттары, оқытушылар – Дияр Қасенов (1-скрипка), Мәдина Бекмадиева (2-скрипка), Гүлнар Тлеуғабылова (альт), Курванжан Ахатов (виолончель) ерекше шабытпен орындады.
Концерттік бағдарламада Абайдың танымал әндері – «Айттым сәлем, Қаламқас» және «Қөзімнің қарасы» халықаралық байқаулардың лауреаты Айбек Қайрулланың орындауында шырқалды. Әншіге ҚазҰӨУ-дің камералық оркестрі сүйемелдеді, дирижерлік пультте – халықаралық байқаулардың лауреаты, доцент, «Оркестрлік орындаушылық» факультетінің деканы Ербол Мамырбаев болды.
«Камерлық ансамбль және ішекті квартет» кафедрасының студенттері (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дастан Балагумаровтың сыныбы) Газиза Жұбанованың ішекті квартетінің бірінші бөлімін және Алмас Серкебаевтың халық композиторы Жанторе күйінің желісімен жазылған «Шалкыма» пьесасын орындады. Дирижер – Ербол Мамырбаев.
Үрмелі және соқпалы аспаптар кафедрасының студент-солистері Евгений Брусиловскийдің сирек орындалатын партитураларын жоғары кәсіби деңгейде орындап шықты. Солардың ішінде атап өтерлігі – «Толгау» атты екі бөлімді ағаш үрмелі аспаптар квартеті. Құрамында: Лейла Сыздыкова (флейта), Амен Бақыт (кларнет), Жангир Ибрагимов (кларнет), Ақжол Сыдықжан (фагот), жетекшісі – аға оқытушы Жанара Желтыргузова. Сонымен қатар, «Степные напевы» (Юрий Клушкиннің өңдеуімен) және «Шолпан твист» (Василий Лисица өңдеуімен) шығармалары студенттік брасс-квинтет орындауында шырқалды (жетекшісі – доцент Сергей Жоров).
Евгений Григорьевич ерекше музыкалық юмор сезіміне ие болған. Крловтың әйгілі мысалынан шабыттанған «Слон и моська» шығармасы – флейта-пикколо мен тубаға арналған тамаша дуэт, студенттер Розмат Абдиев пен Николай Гавшин орындауында көрермендерден зор қошеметке ие болды.
Концерт “Дударай” симфониялық поэмасымен аяқталды, халықаралық байқаулардың лауреаты, үрмелі және ұрмалы аспаптар кафедрасының аға оқытушысы Алмаз Тоқпанов (кларнет) жеке ән айтты.
Университеттің «Оркестрлік орындаушылық» факультетінің 4 каферасы музыканттарының бірлескен бұл ерекше әрі есте қаларлық концерті – ұлы композитор Евгений Григорьевич Брусиловскийге арналған құрмет кеші ретінде үлкен әсер қалдырды. Концерт көрермен қауым мен композитор шығармашылығын бағалаушылар тарапынан шынайы ықылас пен алғысқа бөленді.
Дана Жұмабекова –
өнертану докторы,
К.Байсейітова атындағы
ҚазҰӨУ-нің скрипка кафедрасының
профессоры
Мәдениет саласының үздігі
Концерттен алған әсер
«Мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оркестр факультетінің концертінде кездейсоқ болдым. Бұл концерт менің атам ‒ Евгений Григорьевич Брусиловскийдің туғанына 120 жыл толуына арналды. Мен атама құрмет көрсету үшін келдім.
Және шын жүректен айтсам, өте қатты әсерлендім. Жақсы музыканы, әсіресе академиялық, классикалық және ұлттық музыканы сапалы орындауда тыңдау – өте сирек кездесетін мүмкіндік.
Тағы да атап өткім келеді: Евгений Брусиловский ‒ үлкен шебер, оның қазақ академиялық музыкасының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі өлшеусіз.
Факультеттің камералық оркестрінің, симфониялық оркестрдің орындауы керемет болды. Дирижерлердің штрихтар мен музыкалық нюанстарға мұқият көңіл бөлуі ерекше әсер қалдырды.
Мен «Дударай» симфониялық поэмасы орындалған кезде көзіме жас алдым. Бұл бүкіл концерттің шарықтау шегі болды.
Маған түрлі музыкалық ансамбльдердің, бірнеше ішекті квартеттердің, мысалы, ағаш үрмелі аспаптар квартеті мен мыс үрмелі аспаптар квинтетінің өнері қатты ұнады.
Евгений Григорьевичтің камералық ансамбльдерге арналған осыншама көп шығармалары бар екенін бұрын білмеппін!
Мен ұмытылмас әсер алып, зор ләззатқа бөлендім. Шын мәнінде, мұндай сапалы музыканы күнде тыңдау бұйыра бермейді.
Бұл концертке қатыса алмағандардың көп нәрседен құр қалғанын нық сеніммен айта аламын».
ҚР-ның Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты,
Қазақстан композиторлар одағының
төрайымы, композитор
Балнұр Қыдырбек.
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.