«ҚР Мәдениет саласының үздігі»
2025 жылдың 15 қазан күні К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Фредерик Шопен атындағы залында моңғол композиторы Шатар Улзийбаярдың «Моринхурға арналған №3 концерт» жинағының тұсаукесері өтті. Бұл жинақ прима-қобыз бен қылқобызға арналған нұсқада, фортепианоның сүйемелдеуімен ұсынылды.
Жинақтың авторы – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Қобыз және орыс халық аспаптары» кафедрасының доценті, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Мұсаева Кенжегүл Абласымқызы.
«Моринхурға арналған №3 концерт» Шатар Улзийбаярдың шығармасы Кенжегүл Абласымқызының орындауында алғаш рет 2025 жылдың 5 сәуірінде Қазақ ұлттық өнер университетінің Орган залында өткен IV «KZ Баян-фест» фестивалінің жабылу рәсімінде орындалған.
Жинақ авторының идеясы – Қазақстанда кең танылмаған, бірақ түрлі елдердің ұлттық музыкасының ерекшеліктерін айқын көрсететін шығармаларды қобыз аспаптарына бейімдеп, тың интерпретация ұсыну.
Тәжірибелі педагог әрі орындаушы ретінде Кенжегүл Абласымқызы прима-қобызда орындаудың өзіндік әдіс-тәсілдерін енгізіп, аккордтар, арпеджио, флажолеттер мен рикошеттерді шебер пайдаланды. Сондай-ақ ол соло партиясына бірқатар өзгертулер енгізіп, оларды алдын ала композитордың өзімен келіскен.
Айта кету керек, Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі, К. Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ-нің доценті Алмат Сайжан қылқобыздың соло партиясына аппликатура жасаған.
«Моринхурға арналған №3 концертті» қылқобызда алғаш орындаған – Кенжегүл Абласымқызының шәкірті, Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Жания Естайқызы.
Моңғол композиторы Шатар Улзийбаярдың бес концертінің ішінде ең танымалы – 2015 жылы жазылған «Моринхурға арналған №3 концерт». Бұл шығарманы алғаш орындаған Д. Шинэцога «Хөхөө Намжил» атты беделді халықаралық моринхуршылар байқауында Гран-При иегері атанған.
Үшінші концерт Иркутск, Элиста, Бейжің, Шанхай және Хух-Хото қалаларының симфониялық оркестрлерінің репертуарына енген.
Шатар Улзийбаяр – моңғол музыка өнерінің көрнекті өкілі. Ол 1977 жылдың 21 тамызында Шығыс Говь аймағында дүниеге келген. №1 Сайншанд орта мектебін бітіріп, кейін Ресейдің Гнесиндер атындағы музыка академиясында профессор Геннадий Черновтың композиция сыныбында білім алған.
Ол – 4 балеттің, 80 аспаптық шығарманың және 300-ден астам әннің авторы.
Шатар Улзийбаяр – алты халықаралық композиторлар байқауының лауреаты, Моңғолиядағы «Алтын күз» фестивалінде сегіз мәрте үздік шығарма сыйлығының иегері, ұлттық «Гоо Марал» өнер сыйлығы мен Моңғолия Композиторлар одағының «Мордоржа» атындағы бас жүлдесінің иегері.
2017 жылы ол Ресейдің Сочи қаласында өткен халықаралық кинофестивальде «Шыңғысхан балалары» фильміне жазған музыкасы үшін «Үздік композитор» жүлдесін иеленді.
Тұсаукесер барысында К.А. Мұсаеваның прима-қобыз бен қылқобызға арналған нұсқасы жоғары бағаға ие болды.
К. Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ-де тағылымдамадан өтіп жатқан Қытайдан келген музыканттар жағымды пікірлерін білдірді.
Айта кетерлігі, тұсаукесерде Шатар Улзийбаярдың бұл жарқын туындысы доцент Кенжегүл Мұсаева мен студент Жания Естайқызының орындауында, халықаралық байқаулардың лауреаттары, концертмейстерлер Шахизада Күлсейтова мен Дана Абдықадыровалардың сүйемелдеуімен шырқалды.
Бұл жинақ алдағы уақытта музыкалық оқу орындарының оқу-әдістемелік репертуарына енгізіледі деген үміт бар.
Дана Жұмабекова
Өнертану ғылымдарының докторы,
Құрметті профессор (ҚазНАМ),
К. Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ «Скрипка» кафедрасының профессоры,
«ҚР Мәдениет саласының үздігі»
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.