2025 жылғы 23 қазанда Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры, өнертану кандидаты Айгүл Қыдырғалиқызы Байбек этносольфеджио пәні бойынша «Қара өлең» фольклорлық жанрын зерделеу» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабаққа дәстүрлі ән, жыр, айтыс мамандығының 2-курс студенттері қатысты.
Ашық сабақ университеттің ғылыми жұмыс, шығармашылық қызмет және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, профессор Раушан Сабыржановна қатысуымен ашылды. Ол этносольфеджио пәнінің Қазақстандағы дамуы, дәстүрлі музыка мен халықтық мәдени мұраны оқытудағы рөлі туралы сөз сөйлеп, пәннің жарты ғасырлық тарихы бар екеніне тоқталды. Сонымен қатар, профессор Айгүл Қыдырғаликызының ашық сабағы оның өз авторлық курсының аясында өткізілетінін және бұл курс студенттерге терең теориялық және практикалық білім беруге арналғанын атап өтті.
Бүгінгі күні этносольфеджио курсы домбырашылар мен әншілерге арналған кешенді теориялық және практикалық мамандандыру пәні ретінде дамып, дәстүрлі аспаптық және ән материалдарына негізделген. Ол жас музыканттарға музыкалық ойлау мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Этносольфеджио курсын дамытудың бастауында реформатор- ғалымдар Б.Аманов пен А.Мұхамбетова және этномузыка саласындағы жетекші ғалым С.Райымбергенова, С.Утегалиева, Г.Омарова сияқты ұстаздар тұр. Ал біздің университетте осы курсты дамытуға үлес қосып отырған жетекші ұстаз-практиктер – Г.Альпеисова мен А. Байбек.
Ашық сабақ барысында студенттер қара өлеңнің музыкалық-поэтикалық ерекшеліктерін зерттеп, аудио тыңдалымдар, сольфеджирование, транспозиция және шығармашылық суырыпсалмалық тапсырмалар арқылы практикалық дағдыларын жетілдірді. Сабақ интерактив форматта өтті және ұлттық музыкаға қызығушылықты арттыруға бағытталды. Ашық сабақтың мақсаты – студенттердің музыкалық ойлау, тыңдау және шығармашылық қабілеттерін дамыту, қара өлең жанрының дәстүрлі музыкалық құрылымы мен поэтикалық ерекшеліктерін практикалық тұрғыда меңгерту болды. Сабақ барысында студенттер теориялық білімін практикалық тапсырмалар арқылы бекітіп, ұлттық өнерге құрмет пен қызығушылықтарын арттырды.
Сабақ соңында оқытушы Айгүл Қыдырғаликызының кәсіби шеберлігі жоғары бағаланды: оның сөйлеу мәдениеті, интерактивті әдістерді тиімді қолдануы, шығармашылық ізденісі, әдістемелік дайындығы және студенттермен қарым-қатынасы ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, студенттердің қазақ дәстүрлі ән өнеріне қызығушылығы артты, ұлттық құндылықтарға құрмет пен шығармашылық ынтасы нығая түсті.
Сабаққа Қытай Халық Республикасынан келуші Синьцзян өнер университетінің профессорлары – Ван Дань мен Су Юань, сондай-ақ доценттер – Алай Симахуле, Канмаэрцзян Абас, Муминцзян Юсуфу және Вутунашэн Алонгаова қонақтары қатысты. Әсіресе этномузыкатанушы эксперт, профессор Ван Дань ашық сабақ мазмұнының өзектілігін және ғылыми-тәрбиелік мәнін атап, профессор Айгүл Байбекке ризашылығын білдірді.
Күләш Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ аға оқытушысы Жадыра Мұратбекқызы Куралова
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.