Петропавл қаласында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің алғашқы өңірлік өкілдігі өз жұмысын бастады. Жаңа өкілдікте тоғыз білім беру бағдарламасы бойынша 97 студент білім алуды бастады.
Өкілдіктің ашылуы Қазақстан өңірлерінде шығармашылық білім берудің қолжетімділігін арттыру және өнер саласы үшін кадрлық әлеуетті дамыту бағытындағы маңызды қадам болды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды.
Өкілдіктегі білім беру бағдарламалары театр, музыка, бейнелеу өнері, кино және телевизия өнері бағыттарын қамтиды. Студенттер актерлік шеберлік, вокалдық өнер, дәстүрлі музыкалық өнер, халық аспаптарында орындаушылық, эстрадалық өнер, кескіндеме, көркем фильм режиссурасы және басқа да шығармашылық бағыттар бойынша кәсіби білім алады.
Өңірлік өкілдіктің ашылуы Солтүстік Қазақстан облысының талантты жастарына туған өңірінен тысқары шықпай-ақ кәсіби шығармашылық білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба мәдениет пен өнер саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға және өңірде кәсіби шығармашылық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті үшін алғашқы өңірлік өкілдіктің ашылуы университеттің білім беру қызметін кеңейту және Қазақстанның өңірлерінде өнер саласында білікті мамандар даярлау миссиясын жүзеге асыру жолындағы маңызды кезең болып табылады.
Жаңа жұмыс форматы жас таланттарды анықтау және қолдау, шығармашылық бастамаларды дамыту, сондай-ақ университет пен Қазақстан өңірлері арасындағы кәсіби және мәдени байланыстарды нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.