16.11.2023 ж. «Астана - Мерей» халықаралық жас орындаушылар байқауы аясында ҚазҰӨУ-нің Орган залында құрамына Қазақ ұлттық өнер университетінің «Қобыз және РНИ» кафедрасының оқытушылары кіретін «PARADISE» ансамблінің концерті өтті.
Концерттік бағдарламаның дыбыс палитрасы кеңінен танымал туындыларға - қазақстандық және шетелдік композиторлардың әйгілі шығармаларына қанық болды, сонымен қатар тыңдаушыларға кафедра оқытушылары Е.Мұхамедиев пен К.Мұсаеваның өңдеулеріндегі шығармалар ұсынылды.
ХХ ғ.ІІ жартысында өмір сүрген көрнекті аргентиналық музыкант және композитор Астор Пьяццолланың (1921-1992) 4 бөлімді «Histoire du Tango» шығармасынан әйгілі «Bordel 1900» бөлімін орындаған дуэт қобызшы Б.Тәшімова мен гитарист К.Аристанов көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
П.Барчуновтың үш ішекті домра-прима мен гитара дуэтіндегі «Романтикалық монологын» Гүлсім Нұрмашева мен Анастасия Абрамович үйлесімді орындады.
Әсіресе, халық әні «Самалтауды» нақышына келтіріп орындаған дуэтті атап өткіміз келеді. Жанданған үш ішекті қобызда шебер орындаушы тәжірибелі музыкант Кенжегүл Мұсаева мен жас ұстаз Мәдина Османованың жетігенде сызылта - құбылта орындауы көрерменге ұсынған дуэтте ойнаудың бірегей үлгісі деп қабылданды.
Концерт жас композиторлардың жаңа, ерекше интерпретацияларымен есте қалды. Ансамбль солистері аспапта тамаша ойнай отырып, орындаған нөмірлерімен тыңдарманды қызықтырып қана қоймай, таңданыс, қошемет пен қуанышқа бөленді!
Жалпы, концерттік бағдарлама өте мазмұнды болды. Кеш аяқталса да кеткісі келмеген көрермендер - ұстаздар, студенттер мен сайыскерлер өнерпаздарға ұзақ қол соқты.
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.