Бүгін елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде Қайролла Жұмакенов атындағы Astana Wind Fest республикалық үрмелі және соқпалы аспаптар орындаушылары байқауы мәреге жетті.
«Қазақтың алтын флейташысы» атанған Қайролла Жұмакенов атындағы өнер додасы биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің әр түкпірінен 10-20 жас аралығындағы 200-ден астам өнерпаз қатысты.
Қазақ Ұлттық өнер университеті ректорының міндетін атқарушы Азамат Жылтыркөзов алдағы уақытта байқаудың жалғасын табытынын айтты.
«Қайролла Жұмекенов біздің ұстазымыз, керемет музыкант. Бүгін міне сол кісінің есімі жаңғырып, көптен күткен конкурс өтіп отыр. Өнер әлемінде жаңа есімдер аталып, жас таланттарға куә болдық. Қайролла Жұмекеновтің есімі ешқашан өшпейді», - деді Азамат Жылтыркөзов.
Қазылар алқасының мүшесі, «Құрмет» орденінің кавалері, Мәдениет саласының үздігі Біржан Жақыпов байқауда бақ сынаған жас өнерпаздардың шеберлігі мен дайындығына тоқталды.
«Республикалық үрмелі және соқпалы аспаптар орындаушылары байқауы өте жоғары және сапалы деңгейде өтті. Көрермендер мен қазылар алқасына ғана емес, қатысушылар үшін де бүгін үлкен мереке. Бұндай шаралардың талантты жастардың шеберлігін шыңдап, шабыттандыра түседі деп есептеймін», - деді Біржан Жақыпов.
Байқауда жеке орындаушылар ғана емес, құрамында ондаған мүшесі бар оркестрлер де бақ сынады.
«Әдетте конкурстарда үлкен оркестр, ансамбльдер тасада қалатын. Ал бұл жолы оларға мүмкіндік беріліп отыр. Байқаудың басты ерекшелігі ретінде осыны атап өтер едім. Қазылар алқасының төрағасы, Голландиядан келген Ханс Ван Дер Занден біздің жастардың өнерін өте жоғары бағалап отыр», - деді Мұрат Бисенғалиев.
Қайролла Жұмекенов АҚШ-та өткен байқауда жеңімпаз атанған алғашқы қазақ. Бұған қоса ол Польша, Венгрия, Франция, Испания, Қытай және тағы да басқа елдерде өнер көрсеткен музыка майталманы. Қазақстанның үрмелі аспаптар мектебінің қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан флейташы.
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2024 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.