УНИВЕРСИТЕТ

ОҚУ ПРОЦЕСI

ОҚУҒА ТҮСУШІЛЕР

СТУДЕНТ

ҒЫЛЫМ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Новости

 

К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қаршыға Ахмедияровтың 80 жылдығына арналған «Күй кемеңгері – Қаршыға» атты алқалы жиын өтті.

Іс-шараны университет ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғалым Алғиұлы Ахмедьяров ашып, күйші мұрасының қазақ мәдениетіндегі айрықша орнына тоқталды.

Жиын барысында Қаршыға Ахмедияровтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильм көрсетіліп, оның қазақ күй өнерін дамытудағы еңбегі кеңінен айтылды.

Алқалы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер мен ғылым саласының көрнекті өкілдері, сондай-ақ зиялы қауым қатысты. Олардың қатарында Қуаныш Сұлтанов, Өмірзақ Озғанбаев, Алғи Ахмедияров, Тілеуғали Қышқашбаев, Қайрат Байбосынов, Айтқали Жайымов, Батыр Теміралиев, Тұрар Әліпбаев, Ерболат Ахмедьяров және басқа да өнер қайраткерлері күйші жайлы естеліктерімен бөлісті.

Күй өнерінің дара тұлғасына арналған жиында Қаршыға Ахмедияровтың ғылыми, педагогикалық және орындаушылық мұрасы туралы мазмұнды баяндамалар жасалып, оның шәкірттері мен әріптестері жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Жиын соңында күйші отбасы атынан аяулы жары Нұрбике Жұмағалиқызы Ахмедиярова сөз сөйлеп, көрсетілген құрмет пен тағзым үшін алғыс білдірді.

Алқалы жиыннан кейін Қаршыға Ахмедияровтың шығармашылығына арналған концерт өтті. Кеш барысында университет студенттері мен күйшілер күй шеберінің әйгілі туындыларын орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Сондай-ақ осы күні Қаршыға Ахмедияров атындағы күйшілер байқауы ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Байқау жас орындаушылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, қазақ күй өнерінің жаңа буын өкілдерін қолдауға бағытталды.

Бұл тағылымды кездесу Қаршыға Ахмедияровтың өлмес мұрасын ұлықтап, қазақ күй өнерінің рухани сабақтастығын айқындай түскен маңызды мәдени оқиға болды. Байқауды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен «Shabyt Astana» мәдениет пен білімді қолдау қорына шынайы алғысымызды білдіреміз @shabytastana



ҚазҰӨУ қоғамдық қабылдауы

Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.

Copyrights © 2026 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.