2026 жылдың 20 қараша күні Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «ҚАРАҒЫМ-АЙ» концерті өтті
2026 жылдың 20 қараша күні Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Үлкен концерт залында көрнекті қазақ композиторы Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «ҚАРАҒЫМ-АЙ» атты мерейтойлық концерт өтті.
Концертте қазақ эстрадасының белгілі әншілері Нұрлан Өнербаев, Алтынай Жорабаева, Айгүл Иманбаева, Сембек Жұмағалиев, Құрмаш Махан, Әлібек Әлмәдиев, Құралай Мейрамбек және Айдын Жұмабай өнер көрсетті. Өнер иелері композитордың халық жүрегінен орын алған танымал әндерін орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кештің музыкалық сүйемелдеуін «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі қамтамасыз етті. Сонымен қатар концертке университет студенттері де қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жеке орындаушылардың жанды дауысы, оркестрдің үйлесімді сүйемелдеуі мен сахналық қойылым концерттің көркемдік мазмұнын аша түсті.
«ҚАРАҒЫМ-АЙ» концерті – қазақ музыкасының алтын қорына енген қайталанбас туындылардың авторы Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық мұрасына көрсетілген тағзым. Композитор әндерінің бүгінгі сахнада қайта жаңғыруы оның өнерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халық жадында сақтала беретінін айқындады.
Концертті ұйымдастырушылар: Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті және SHABYT ASTANA қоры.