Сізді 90 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Университетіміздің профессоры және ұлағатты ұстазы ретіндегі қызметіңіз біз үшін зор мақтаныш және үлкен мәртебе! Қазіргі уақытта Сізден тәлім-тәрбие алып, мамандықтың қыр-сырын меңгерген дарынды шәкірттеріңіз мәдениетіміздің көптеген салаларында абыройлы қызмет атқарып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
Сіздің шығармашылығыңыз кең ауқымды: әдебиет, кино, театр салаларын қамтиды. Сіздің сценарийлеріңіз бойынша түсірілген фильмдер классикалық туындыларға айналып, еліміздің асыл қазынасын байытты. Драматургия саласындағы еңбектеріңіз қазақ әдебиетінің тағы бір қырын ұштай түсті.
Еліміздің мәдениет және өнер саласына ұланғайыр еңбек сіңірген қайраткерлік және шығармашылық ғұмырыңыз жастарға үлгі болып табылады. Біздің университетте қызмет атқарып, ортамызда жүргеніңіз халықтың мерейі және ұжымымыздың абыройы! Біз Сізді мақтан тұтамыз!
Құрметті Әкім Үртайұлы! Сізге және өмірлік жолдасыңыз қоғам қайраткері, танымал қаламгер, ҚазҰӨУ-нің профессоры Роза Қажығалымқызына зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз! Балаларыңыздың қуанышын бірге бөлісіп, жетістіктерін қызықтап, бақытты өмір сүріңіздер! Мерейтойыңыз құтты болсын!
Құрметпен,
Қазақстанның Еңбек Ері,
ҚР Халық әртісі,
ҚазҰӨУ ректоры, профессор
Айман Мұсақожаева
2023 жылғы қыркүйектің 21-22 күндері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Әкім Үртайұлы Таразидің 90 жас мерейтойына арналған «Әкім Тарази әлемі: әдебиет, театр, кино және педагогика» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Іс-шараға шетелдік және отандық ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері шақырылды. Олардың қатарында жазушы, драматург, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Жавлон Жовлиев (Өзбекстан), жазушы-ғалым, Phd докторы, аудармашы, Қазақстан Республикасының II дәрежелі «Достық» орденінің иегері Ашур Өздемир (Түркия) бар. Сондай-ақ, конференцияға актер, Қазақстанның халық артисі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов; жазушы, драматург, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Елен Әлімжан; жазушы, публицист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Любовь Шашкова сынды қаламгерлер мен өнер иелері қатысты. Оффлайн форматты қатысқан қонақтар өздерінің шеберлік сыныптарын өткізіп, көпшілікті қуантты.
Сонымен бірге шараға Әкім Тарази шығармалары туралы Түркияның әдеби, ғылыми басылымдарында зерттеу мақалалары жарияланған филология ғылымдарының докторы (PhD), Гази университетінің профессоры Жемиле Қынажы (Түркия); Ә. Тарази шығармашылығы бойынша монография жазып, кітап етіп құрастырған Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушысы Ибрахим Атабей (Түркия) мен Анкара Хажы Байрам Вели университетінің магистранты Мелике Йыландил (Түркия); аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Асуан университетінің «Шет тілдер» факультетіндегі «Орыс тілі» кафедрасының меңгерушісі Мұхаммед Рияд (Египет) онлайн форматта қатысты.
Конференцияға Алматы қаласы және өзге облыстардан еліміздің әдебиет пен өнер салаларының көрнекті өкілдері - жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сұлтанәлі Балғабай; әдебиеттанушы, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова; филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев; музыкатанушы, әдебиеттанушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рена Жұманова сынды әдебиет және өнер қайраткерлері онлайн форматта қатысып, ойларын ортаға салды.
Ғылыми - тәжірибелік конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, әйгілі әдебиеттанушылар, кинотеледраматургтер, кинотанушылар, театртанушылар, өнертанушылар, жоғары оқу орындарының профессорлық - оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Конференция аясында шеберлік дәрістері, «Тарази оқулары», театртанушы, өнертану ғылымдарының магистрі Ләззат Алпысбаеваның «Әкім Таразидің драматургиядағы белестері» кітабының тұсаукесері, Ә.Таразидің сценарийі бойынша түсірілген фильмдердің көрсетілімі, фотокөрме және өзге де іс-шаралар өтті.
22 қыркүйекте сағат 16:00-де Астана қаласының әкімдігінің ұйымдастырумен Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, профессор Әкім Таразидің 90 жас мерейтойына арналған «Толғауы Тоқсан Тарази» атты салтанатты кеш өтті.
Айтулы іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, белгілі жазушылар, ақындар, өнер қайраткерлері және жазушының шәкірттері қатысты. Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев мерейтой иесіне Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Құттықтау хатын оқып берді.
Қазақ драматургиясына еселі үлес қосқан Әкім Таразидің бірнеше пьесалары да Астана көрермендеріне ұсынылды. 21 қыркүйек күні сағат 19:00-де Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахналаған «Ақын, періште, махаббат» спектаклі қойылса, 23 қыркүйекте сағат 19:00-де Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театрында «Жолы болғыш жігіт» спектаклінің премьерасы өтті.
Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.
Copyrights © 2025 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.