УНИВЕРСИТЕТ

ОҚУ ПРОЦЕСI

ОҚУҒА ТҮСУШІЛЕР

СТУДЕНТ

ҒЫЛЫМ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Новости


 

Парижде Орталық Азия киносына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті


Париж қаласында Орталық Азия кинематографиясының тарихы мен қазіргі даму үрдістеріне арналған «Cinematic (Hi)stories in/of Central Asia: New Perspectives» халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Ғылыми жиынға Франция, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да елдерден кинотанушылар мен зерттеушілер қатысып, Орталық Азия киносының өзекті мәселелерін талқылады.

Конференция аясында ұлттық бірегейліктің кинематографиялық көрінісі, кеңестік кино мұрасын жаңаша пайымдау, сондай-ақ қазіргі кино үдерістерін зерттеудің тың ғылыми тәсілдері мен әдіснамалық бағыттары қарастырылды. Қатысушылар аймақ кинематографиясының тарихи сабақтастығы мен заманауи өзгерістеріне қатысты пікір алмасып, зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

Конференцияда Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Театр және кино» факультетінің профессоры Инна Смаилова «Қазақстандық кинематографистердің жаңа буыны фильмдеріндегі реализмнің трансформациясы және ішкі толғаныс эстетикасы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада қазақстандық жаңа буын режиссерлерінің шығармашылығындағы көркемдік ізденістер мен реализмнің өзгеру ерекшеліктері ғылыми тұрғыда қарастырылды.

Сонымен қатар факультет докторанттары Әділет Омаров пен Арман Қаиржан халықаралық конференция жұмысына қатысып, ғылыми пікірталастарға араласты және шетелдік кино зерттеушілерімен кәсіби тәжірибе алмасты.

Халықаралық ғылыми жиынды Германиядағы Пассау университетінің профессоры Birgit Beumers және Франциядағы Париж 8 университетінің (Université Paris 8 Vincennes–Saint-Denis) профессоры Eugénie Zvonkine ұйымдастырды.

Қазақ ұлттық өнер университеті өкілдерінің халықаралық конференцияға қатысуы қазақстандық кинотану ғылымының халықаралық академиялық кеңістіктегі байланыстарын нығайтуға, ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және отандық кино өнерін зерттеудің өзекті мәселелерін әлемдік ғылыми ортада танытуға мүмкіндік береді.


ҚазҰӨУ қоғамдық қабылдауы

Бұл жерден Сіз жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала аласыз, сонымен қатар өз сауалыңызды жолдай аласыз.

Copyrights © 2026 Қазақ ұлттық өнер университеті. All rights reserved.