ҚазҰӨУ-де «CELLO дауысы» II республикалық виолончельшілер байқауы өтті
2026 жылғы 27–30 қазан аралығында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде 7 мен 24 жас аралығындағы жас орындаушылардың басын қосқан «CELLO дауысы» II республикалық виолончельшілер байқауы өтті.
Байқаудың салтанатты ашылуы 27 қазанда университеттің Орган залында өтті. Қатысушылар бес жас санаты бойынша өнер көрсетіп, байқау бағдарламаларын ұсынып, орындаушылық шеберліктерін, музыкалық қабілеттері мен сахналық мәдениеттерін танытты.
Байқауға Қазақстанның түрлі өңірлерінен жас виолончельшілер қатысты. Астанаға Павлодар, Қызылорда, Қостанай, Семей және Алматы қалаларынан өнерпаздар келді.
Қатысушылардың өнерін белгілі орындаушылар мен педагогтерден құралған кәсіби қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының төрайымы – ресейлік виолончелист, «Москонцерт» солисі, Бүкілресейлік виолончель академиясының негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі Анастасия Ушакова. Қазылар алқасының құрамында байқаудың авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Буенбаева және музыка саласының өзге де өкілдері болды.
Л. Ш. Хазиахметованың шығармашылық мұрасына арналған байқау жас таланттарды қолдауға, виолончель өнерін насихаттауға, Қазақстандағы академиялық орындаушылық мектебін дамытуға және музыкалық оқу орындары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған.
Байқау қорытындысы
Байқау қорытындысы бойынша Гран-при жүлдесіне Алматы қаласынан келген, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы Алан Жұмабек ие болды.
I орын лауреаттары: Алима Ерден, Кадыржан Рахматуллаев, Іңкәр Қасым, Айша Акимкожа, Дияржан Ахатов, Әнуарбек Ерман және Ерсултан Бекмухаметов.
II орын лауреаттары: Азиз Акрамхан, Артур Кузнецов, Эллина Карлашова, Ален Серікқали, Илияс Сердәлі, Самира Бекешева, Інжу Сапарбек, Айзере Болатбекова, Ханзада Копей, Балым Кыдырбекова, Адина Оспанова, Ильяс Есенбаев және басқа да қатысушылар.
III орын лауреаттары: Сұңқар Сабыржан, Ханшайым Эльдосқызы, Рамазан Аль-Мансұр, Алсу Айса, Алинур Турсынханов, Сати Ержан, Султан Талгатбеков және Александр Цареградский.
Байқау дипломанттары: Айлин Жунусова, Арсен Абдуллин, Амир Алибеков, Адия Дауренова, Мирас Каргалдаев және Айсултан Тналин. Е. Луценко атындағы арнайы жүлдеге Дария Асан ие болды.
ҚазҰӨУ студенттерінің жетістіктері
Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің жетістіктерін ерекше атап өтеміз:
Александр Цареградский – III орын (оқытушысы Аскар Муканов);
Адина Оспанова – II орын (оқытушысы Курванжан Ахатов);
Ерсултан Бекмухаметов – I орын (оқытушысы Мурат Нарбеков).
«CELLO дауысы» байқауы шығармашылық тәжірибе алмасуға, жас орындаушылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға және музыкалық өнердегі ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.
Ұйымдастыру комитеті байқауды өткізуге үлес қосқан қазылар алқасының мүшелеріне, педагогтерге, концертмейстерлерге, ата-аналарға және серіктестерге жас музыканттарды қолдағаны үшін алғыс білдіреді.
Байқау университеттің 2024–2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасы аясында өтті.