ҚазҰӨУ-де терме өнерінің қазіргі жағдайы мен болашағына арналған ұлттық семинар өтті
2026 жылдың 24 қыркүйек күні Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ЮНЕСКО-мен серіктестікте «Терме – Қазақстанның жанды мұрасы: қазіргі жағдайы, жеткізілуі, қатерлер және қорғау стратегиялары» атты ұлттық семинар өтті.
Семинар ЮНЕСКО-мен серіктестікте жүзеге асырылып жатқан «Материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізімін жаңарту және Қазақстанның бес облысындағы жергілікті қауымдастықтар үшін 2003 жылғы Конвенцияны іске асыру әлеуетін нығайту» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Азамат Белқайыров, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Бас хатшысы Жанар Шайменова және ҚазҰӨУ ректоры Ғалым Ахмедьяров сөз сөйледі. Семинарды профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Дәстүрлі музыка және би жөніндегі халықаралық кеңестің (ICTMD) елшісі Дүйсен Қасейінов жүргізді.
Басқосудың басты ерекшелігі – Қазақстанның әр өңіріндегі жыршылық және термешілік мектеп өкілдерінің бір алаңда тоғысуы болды. Семинарға Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды және Қызылорда облыстарынан терме дәстүрін жеткізушілер, орындаушылар, шығармашылық бірлестіктер мен одақтардың өкілдері, зерттеуші ғалымдар, сарапшылар және этномузыкатанушылар қатысты.
Кездесу барысында терменің қазіргі ахуалы, өңірлік мақамдар мен орындаушылық ерекшеліктер, ұстаз бен шәкірт сабақтастығы, жас орындаушыларды даярлау, жаңа авторлық термелердің дамуы, сондай-ақ дәстүрді құжаттау, архивтеу және цифрлық кеңістікте сақтау мәселелері талқыланды.
Семинар материалдық емес мәдени мұраны сақтау бағытындағы өзекті мәселелерді көтеріп, терме өнерінің қазіргі жағдайы мен болашағына қатысты кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік берді.