Астанада кәсіби суретшілердің республикалық арт-симпозиумы өтті
21–25 қыркүйек аралығында Астана қаласында кәсіби суретшілердің республикалық арт-симпозиумы өтті.
Симпозиум аясында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессоры (доцент) Ардақ Кенесқызы Юсупова «Современное искусство Казахстана: вопросы визуального языка» тақырыбында дәріс оқыды.
Қазақстанның әр өңірінен келген суретшілер елорданың тарихи жадын, заманауи сәулеттік келбетін, қалалық мәдениетін және болашақтағы даму бағыттарын көркемдік тұрғыдан зерделеді.
Биылғы жобаның өзекті тақырыптарының бірі – жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың заманауи өнерге және қалалық ортаға ықпалы. Бұл бағыт қатысушыларға шығармашылық үдеріске жаңаша көзқараспен қарап, жаңа көркемдік тәсілдерді қолдануға мүмкіндік берді.
Симпозиум кәсіби тәжірибе алмасу, шығармашылық диалог құру және заманауи визуалды тілдерді зерттеу алаңына айналды.
Жоба қорытындысында 60-тан астам жаңа көркем шығарма ұсынылды.
«Елорда – өнер бұлағы» – Астананың өткені мен бүгінін пайымдап, оның болашақ бейнесін өнер тілі арқылы зерделеуге бағытталған шығармашылық зерттеу кеңістігі.