КІТАПХАНАҒА КІТАП СЫЙЛА!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы Ұлттық құрылтайдың отырысында «Ұлттық кітап күнін» белгілеу идеясын қолдап, «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп айтқан еді. Биыл еліміз екінші рет «Ұлттық кітап күнін» атап өткелі отыр. Осынау айтулы күнге орай кітапханаға кітап сыйлау мерекесі басталып кетті. К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Жетісу жыршылық мектебінің жалғастырушысы, фольклор жинаушы, жыршы-сазгер Әбіш (Әбдіберік) Баймұханбетұлы Әділбек қонақта болды. Автор кітапхана қорына өзінің жаңадан жарық көрген «Жыраулардан жыр мұра» (Алматы: Алматыкітап баспасы, 2025. – 208 б., суретті) атты кітабы мен жырлары жазылған (MP3) флешканы сыйға тартты.
Әбіш (Әбдіберік) Баймұханбетұлы – Алматы облысы Райымбек ауданының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған. Қостанай, Ақмола, Алматы облыстарында прокуратура саласында қызмет атқарған білікті заңгер. Сонымен қатар ол – Жетісу жыршылық мектебін жаңғыртушы, фольклортанушы, жыршы-термеші, қазақ өнеріне өзіндік қолтаңбасымен келген өнер иесі. Алты жасында домбыра ұстап, он жасында сахнаға шыққан. Бірнеше республикалық жыршы-термешілер байқауларының жүлдегері.
Автордың Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ұлт рухы», «Ғасырлар үні», сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Елдік пен ерліктің шежіре жырлары», «Жыр-Рух» атты тарихи жыр-термелер жинақтары жарық көрген. Бұл үнтаспаларда архив қорларынан алынған, бұрын еш жерде жарияланбаған VIII, XIII, XVIII-XX ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың жыр-термелері алғаш рет ұсынылған. Аталған жазбалар Қазақ радиосының қорына қабылданып, эфирден беріліп келеді. 2014 жылы «Рухани құндылық» атты жеке бағдарламасы аясында Қазақстанмен қатар Қытай, Еуропа және Орта Азия елдерін аралап, қазақ тарихы мен жыршылық өнерін насихаттаған.
«Жыраулардан жыр мұра» кітабында VIII ғасырдан XXI ғасырға дейінгі аралықтағы жыр дүлдүлдерінің шығармалары хронологиялық тәртіппен топтастырылған. Жинақ мазмұнында Иоллығ жырау, Кетбұға жырау, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған жырау, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау, Жиембет жырау, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау, Албан Саршуаш жырау, Қабан жырау, Сабдалы жырау, Нысанбай жырау, Махамбет Өтемісұлы, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Зар заман ақындары және басқа да ақын-жыраулардың мұралары енгізілген. Сонымен қатар жинақта «Күлтегін батыр», «Қорқыттың қобызы», «Еңсегей бойлы Ер Есім», «Абылай хан» дастаны, «Кенесары, Наурызбай» сияқты тарихи жырлар қамтылған.
Басылымның ерекшелігі – кітапқа енгізілген шығармалардың ноталық үлгілері беріліп, QR-код арқылы автордың орындауындағы дыбыстық жазбаларды тыңдау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл оқырманға жыр мәтіндерімен танысып қана қоймай, оны дәстүрлі орындау үлгісінде тыңдауға мүмкіндік береді.
Аталған кітап жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған хрестоматиялық көмекші құрал ретінде орта мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арналған. Сыйға тартылған кітап пен (MP3) флешка университет кітапханасының қорын толықтырып, оқырмандар үшін құнды басылымдардың бірі болмақ.
Университет ұжымы Әбіш (Әбдіберік) Баймұханбетұлына алғыс білдіріп, шығармашылық табыс, зор денсаулық және ұлттық мұраны насихаттау жолындағы еңбегіне жаңа жетістіктер тілейді.