РЕСЕЙ МӘДЕНИЕТІ КҮНДЕРІ ҚАЗАҚСТАНДА
2026 жылғы 23-26 сәуір аралығында Астанада Қазақстан Республикасында Ресей мәдениеті күндері өтті. Ашылу салтанаты «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында Ресей өнер шеберлерінің гала-концертімен басталды.
Қазақстандағы Ресей Федерациясы Мәдениет күндерінің бағдарламасы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған іс-шараларды қамтыды.
25 сәуір күні Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Достық» орденінің кавалері, халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Павел Милюковтың концерті өтті.
Ол «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Дмитрий Шостаковичтің №1 скрипка мен оркестрге арналған концертін орындады. Дирижерлік еткен – Қазақстан Республикасының халық әртісі Абзал Мұхитдин.
2016 жылдан бастап Павел Сергеевич Милюков Петр Ильич Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында профессор Владимир Михайлович Ивановтың жетекшілігімен скрипка кафедрасында сабақ береді.
Белгілі скрипкашы «Сириус» білім беру орталығының көркемдік-эксперттік кеңесінің мүшесі, осы орталықта музыкалық-орындаушылық өнер бағдарламасының жетекшісі болып табылады.
Ол Ресейде ғана емес, шетелдерде де шеберлік сабақтарын табысты өткізіп келеді. Оның Астанаға келуі, дарынды музыканттармен кездесулері үлкен рөл атқарды деп ойлаймын. Екі күн бойы – 25 және 26 сәуірде – Роза Бағланова атындағы Орталық концерт залында және Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің камералық залында елдің жас, үміт күттіретін скрипкашылары мен жетекші педагогтарымен шеберлік сабақтары өтті.
Павел Милюков өз әсерімен бөліседі: «Біз Қазақстандағы “Сириус” ұйымдастырған Екінші таланттар саммитін аштық және болашақта бәрі сәтті болады деп үміттенемін. Әсіресе білім беру бағытында үлкен жұмыс атқарылады. Астанада біз өнер және музыка бағыты бойынша осындай жұмысты бастап кеттік. “Сириус” балалар білім беру саласына үлкен жаңа серпін береді деп сенемін және қазақстандық дарынды музыканттармен жиі кездесеміз деп үміттенеміз. Бүгін бұл тек таныстырылым түріндегі алғашқы қадам болды, ал алдағы уақытта барлығы жүйелі түрде, кәсіби профессорлық құрамды тарта отырып жүзеге асады.
Жалпы, Күләш Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ скрипкашыларының орындаушылық өнері туралы жақсы әсер қалыптасты. Шеберлік сабақтарында біз ортақ тіл табыстық, түсіністік болды, тек уақыттың аздығы өкінішті. Айтатын дүнием көп еді…»
Павел Милюков жоғары шеберлік пен шабыт көрсетті, аспап үні мен орындаушылық ауқымы керемет болды. Оның өнер көрсетуі ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Көрермендер ұлы композитор Дмитрий Шостаковичтің шығармасын терең интерпретациялаған орындауына тәнті болды.
Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Айман Мұсақажанова атап өтті: «Қазақстандағы Ресей мәдениеті күндері алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Бұл дәстүрге айналды. Біздің байланыстарымыз қандай жағдай болмасын үзілмей, жалғасып келе жатқаны қуантады. Бізге Ресей Федерациясының Татарстан, Қалмақия және басқа да өңірлерінен әртүрлі ұжымдар келді. «Астана Опера» театрындағы салтанатты ашылуда әртістердің өнерін үлкен ықыласпен көріп, қол шапалақтап қолдадық, олардың шеберлігі мен кәсібилігіне риза болдық.
25 сәуірде Ресей Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Таланттар саммиті» өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас таланттар мен олардың жетекшілері Астанаға келді. Дарынды жастарды қолдау – еліміздегі дәстүр.
Симфониялық музыка концертінде «Таланттар мен өнер» атты Ресей тарапының жетістіктері көрсетілді. “Сириус” базасында Ресей Федерациясының және басқа елдердің танымал профессорлары шеберлік сабақтарын өткізеді. Мұнда жетекші педагогтар, студенттер мен оқушылар шақырылып, олардың орындаушылық шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік беріледі.
26 сәуір күні Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық театрында өткен концертте алдымен «Сириус» бағдарламасының тәрбиеленушісі жас пианист Сергей Прокофьевтің фортепиано концертін симфониялық оркестрмен орындады, кейін Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, халықаралық байқаулар лауреаты Павел Милюков Дмитрий Шостаковичтің скрипка концертін орындады.
Белгілі скрипкашының шеберлік сабақтары халықаралық байқауларға қатысушылар мен емтиханға дайындалып жүргендер үшін өте пайдалы болды. Орыс скрипка мектебінің білім мен дәстүр алмасуы тек студенттер үшін ғана емес, педагогтар үшін де маңызды».
«Сириус» білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасында музыканттарды қолдау орталығына айналады деп сенеміз.
Дана Жұмабекова –
өнертану ғылымдарының докторы,
К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің
«Скрипка» кафедрасының профессоры,
ҚР Мәдениет саласының үздігі